Алматыда жұқпалы індет өршіп барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда жұқпалы індет өршіп барады

17.11.2020

Алматы қаласы коронавирустың таралуы бойынша сары аймақтағы өңірлер қатарына енді. Мегаполисте жұқпалы індет күн сайын өршіп барады. Осыған орай қаланың бас санитары бірқатар шектеу шарасын енгізді. Бұл туралы толығырақ өңірдегі тілші Нұрхан Нұрланұлы тікелей эфирде баяндауға әзір.  

Нұрхан Нұрланұлы, тілші:  

- Қазір Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырған 15 мың 200-ден астам адам тіркелген. Ал қазан айының 1-нен бастап бүгінге дейін жұқпалы ауруға шалдыққан 900-ден астам адам, пневмониямен ауырған 200-ге жуық науқас анықталған. Осылайша тәуліктік өсім 0,2 пайызға жетті. Осы уақыт аралығында науқастанғандардың 53 пайызы вирусты сауда, ойын-сауық орталықтарында, дүкендер мен базарларда және қоғамдық көліктерде жұқтырған. 23 пайызы үйлерінде, 17 пайызы жұмыс орындарында ауруға шалдықса, 4 пайызы шетелден келгендер екен. Осыны ескерген қаланың бас санитары Жандарбек Бекшин қаулыдағы шектеу шараларын күшейтіп, өзгертулер енгізді. Мәселен, сауда, ойын-сауық орталықтары, сауда нысандары мен орын саны 50-ден аспайтын тамақтанатын орындар енді түнгі 10-ға дейін жұмыс істейді. Театрлар мен діни нысандарға 100 адамнан артық кіруге болмайды.  
Сондай-ақ базарлар 30 пайыздан артық толмауы тиіс және егде жастағы адамдарға себепсіз үйінен шығуға тыйым салынады. Сонымен бірге, 15 адамнан артық қызметкері бар ұйымдар жұмысшыларының 60 пайызын онлайн жұмысқа көшіруге міндетті. Оны аудандық әкімдіктерде құрылған мониторинг топтары қадағалайды. Сондай-ақ, кәсіпорындар мен өндіріс орындары таңғы 8-ден, мемлекеттік органдар 9-дан, офистер, банктер, сақтандыру компаниялары мен өзге де ұйымдар 10-нан бастап жұмыс істей алады және шектеу шараларын бұзып, жабылған нысандарды жалға беруге тыйым салынады.  
Нұрхан Нұрланұлы  


Алматы сары аймақ коронавирус

Хабарламаларға жазылу