Сәтбаевта саяжайда жүрген қаңғыбас иттерді ату жоспарға енбей қалған

16.11.2020

Сәтбаев қаласының ветеринарлық қызметіне қаңғыбас иттерді атуға биыл бюджеттің 6 миллион теңге қаржысы бөлінгенімен, саяжайлар аумағы тізімге енбей қалған. Салдарынан ондағы иттердің саны көбейіп кеткен. Өкінішке орай, мұның соңы қайғылы оқиғаға ұласып отыр. Еске салсақ, кеше кешкілік саяжай аумағында 6 жасар қызды бұралқы иттер талап өлтірген болатын.  

Қаңғыбас иттер талап тастаған бүлдіршін сол жерде жантәсілім еткен. Жедел жәрдем қызметкерлері келіп жеткенше бала қайтыс болған. Үлкендердің қарауынсыз ойнап жүріп қаңғыбас иттердің құрсауында қалып қойған.

Бақытжан Құдияров, облыстық ПД баспасөз қызметі басшысының міндетін атқарушы:  
- Қайғылы оқиға бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қажетті сараптамалар тағайындалды. ПД-і тарапынан ветеринариялық қызметке ұйғарым жіберілді.  

3 балалы отбасы саяжайдағы үйді паналаған. Сол күні бала әжесімен үйде қалған. Ал, анасы мен өгей әкесінің қайда болғаны әзірге белгісіз. Қазір оларды жауапкершілікке тарту мәселесі қаралуда.

Айгүл Төтеева, Сәтпаев қаласы әкімінің баспасөз хатшысы: 
- 1993 жылғы келіншек тұрмысы төмен отбасы ретінде қорғаншылық органдарында тіркеуде тұрған. Қазір қалған екі баласы уақытша әлеуметтік оңалту орталығына жайғастырылды. Баланы жерлеу рәсіміне жергілікті әкімдік көмектеседі.   

Кешеден бері саяжай аумағынан 7 ит атылған. Негізінен мамандар шағым түссе ғана қаңғыбас иттердің көзін жояды. Ал дәл осы аумақтан бұған дейін шағым түспеген. Оның үстіне бұл жер қаладан қашық болғандықтан жоспарға кірмеген.

Ғалым Оспанов, облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары: 
-Сәтпаев қаласы бойынша 6 млн теңге бөлінген. 2250 ит пен мысық ауланған. Бүгінгі жайтқа байланысты тағы да қаңғыбас иттерді аулау үшін жұмыстар жалғасуда.  

Жалпы облыс бойынша биыл қараусыз қалған ит-мысықтардың көзін құртуға 69 млн теңге бөлінген. Осы уақытқа дейін 18 мыңға жуық ит пен мысық өлтірілген.

Руслан Нұрланұлы 


Сәтбаев саяжай қаңғыбас ит

Хабарламаларға жазылу