Жаңа заң: Иесіз жануарларға қатысты тың ережелер бекітілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңа заң: Иесіз жануарларға қатысты тың ережелер бекітілді

17.08.2022

Иесіз жүрген жануарларды аулау мен жою ережелеріне бірқатар өзгеріс енгізілді. Енді қаңғыбас ит, мысықтарды қатыгездікпен өлтіруге жол берілмейді. Жалпы, елімізде қараусыз қалған жануарлар саны күн сайын көбейіп келеді. Мысалы, оларды уақытша ұстайтын Елордадағы орталыққа күн сайын 30-дан астам ит жеткізіледі екен.

Елордада иесіз қалған жануарларға қарайтын жалғыз мемлекеттік мекеме бар. Қазір мұнда қала көшелері мен саяжайлардан ауланған үш мыңдай ит бар. Мамандар олардың көбейіп кетуіне адамның өзі кінәлі дейді.

Алмаз Тұрымбетов, Қаңғыбас және қараусыз қалған жануарларды аулау және күтіп бағу бөлімінің басшысы:

Ең алдымен, енді қала тұрғындары тікелей өздері кінәлі деп есептесек те болады. Себебі күшік кезінде иттерді алады. Баласына болмаса қызына алып береді. Олар ойнайды. Үлкейгеннен кейін жануарлар керексіз болып қалады. Сондықтан олар арнайы орталыққа өткізбей, көшеге тастай салады.

Бұл жерде иттердің сан алуан тұқымы бар. Барлығына құтырмаға қарсы екпе салынған. Алайда, бұл олардың тұрақты мекені емес. Әрі қарай еріктілердің қамқорлығына өтеді. Ел бойынша волонтерлердің 42 арнайы орталығы бар.

Әсем Мырхайдарова, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз хатшысы:

Олар дәрмектерді, не болмаса азық-түлік алып, алдымен тегін көрсетеді де, егер өз жобаларын өз беттерінше жалғастырамын десе, волонтерлар онда пайда әкелуі де мүмкін.

Қазір елімізде қаңғыбас жануарларға әртүрлі шара қолданылады. Бірыңғай база жоқ. Ал жаңа заңның қағидалары бойынша енді осы бағыттағы жұмыс бір ережемен жүзеге асады.

Талғат Ердешев, Орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесі комитетінің Бас сарапшысы:

Ұстау қызметтері өздерінің пункттеріне әкеліп, қатты агрессиясы бар, адамға шабатын және жазылмайтын аурумен ауыратын жануарларды саралап қарап жансыздандырады.

Дегенмен, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында ел бойынша қаңғыбас иттерден 70 жеткіншек зардап шегіп, үшеуі қайтыс болған.

Мамандар үй жануарын ұстайтын адамдарға жауапкершілік туралы ұмытпау қажеттігін ескертеді.

Ламбриан Топузидис 

Хабарламаларға жазылу