Ақмола облысында ит етін сатқан адам ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында ит етін сатқан адам ұсталды

28.02.2023

Ақмола облысының тұрғыны иесіз иттерді аулап, етін дәмханаларға сатқан. Ол бұл бизнесін еш жасырмай жүргізген. Тіпті салпаңқұлақтардың етін басқа аймақтарда сату үшін басқа адамдарды өзіне серіктес болуға шақырған. Қазір бұл жағдай бойынша тергеу жүріп жатыр.

Иттің етін сатып жүрген ер адамға еріктілер клиент ретінде қоңырау шалған. Сол кезде ер адам өз бизнесі туралы толық мәлімет берген. Қаңғыбас иттерді аулау бойынша тендерге қатысатынын, кейін ол салпаңқұлақтардың етін сататынын ашық айтқан.

Тексеру барысында полиция қызметкерлері мен волонтерлер күдіктінің үйінен 750 келіге жуық ит етін тапты. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды.

Жалпы Ақмола облысында бұған дейін де жануарларларға қатыгездік таныту деректері тіркелген. Тұрғындар түсірген мына видеода тағы бір серіктестік қызметкерлері иттерді аяусыз өлтіріп жатқаны көрініп тұр. Бірақ, билік өкілдері бүкіл жауапкершілік тендерді ұтқандарда деп құтылды.

Талғат Жүнісов, облыстық Ветеринария басқармасының басшысы:

Конкурсты ұтып алған кісі белгілі. Біз енді администратор болғаннан кейін конкурсты ұйымдастырып өткіздік. Жұмысты атқаратын кісіні белгілеп бердік. Енді кварталына бір рет олар бізге есеп береді. Сосын олардың жасаған видео,фото фиксациясы арқылы растығын тексере аламыз.

Ал жергілікті тұрғындардың пікірі екіге бөлінген. Бірі - иесіз жануарлар жағдайына алаңдайды. Ал екіншісі қаңғыбас иттер құтымызды қашырды, дейді. Себебі бұралқы ит ауылда да, қалада да қаптап жүр.

Еркін Айтжанов, қала тұрғыны:

Көкшетауда қаңғыбас иттер көп. Адамды жүргізбейді. Кешке көп болады. Қоқыс жәшіктерінде жүреді. Мектепке немере, балаларды апару қиын. Бұларға бір тыйым салына ма? Талай арыз да жаздық.

Биыл Ақмола облысында қаңғыбас жануарларды уақытша ұстауға, аулауға және ұрықсыздандыруға 96 миллион теңге бөлінген. Бірақ, тұрғындардың айтуынша, проблема шешілмеді.

Ұмсындық Наурызбаева, тілші:

Қаңғыбас иттерді шеткі аудандарда ғана емес, қаланың орталығында да кездестіруге болады. Жергілікті тұрғындар әкімдікке шағымданғаннан пайда жоқ деп отыр. Былтыр облыста 1700-ге жуық адамды ит қапса, биыл 100-ден астам шағым тіркелген.

Алдағы уақытта облыстың әр ауданында иесіз жануарларды уақытша ұстауға арналған орын ашу көзделген. Бірақ бұл жоспардың жүзеге асуы тағы қаржы мәселесіне тіреледі.

Ұмсындық Наурызбаева


Хабарламаларға жазылу