Таулы Қарабақта соғыс тоқтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таулы Қарабақта соғыс тоқтады

10.11.2020

Ресей, Әзірбайжан мен Армения жасаған келісім нәтижесінде Таулы Қарабақта соғыс тоқтап, оккупацияланған территориялар Бакудің қарамағына қайтарылып жатыр. Ал Мәскеу дауылды аймаққа мыңдаған жауынгер аттандыруға кірісті. Ереван халқы бұл жағдайға наразылық білдірсе, Баку жұрты жеңіс мерекесін тойлап жатыр.  

Армения, Әзірбайжан және Ресей басшылары Таулы Қарабақтағы әскери жанжалды тоқтату туралы келісімге қол қойды. Үшжақты пәтуаға сәйкес, Әзірбайжан соңғы бір жарым айда басып алған барлық территорияларды өз қарамағында қалдырады. Олардың қатарында Қарабақтың екінші ірі қаласы – Шуша да бар. Сонымен қатар, Армения желтоқсанның 1-не дейін Агдам, Кельбаджар, Лачин аудандарын Бакуге қайтаруға тиіс. Демек, оларға енді босқындар орала бастайды. Және де Әзірбайжан өзінің Иран-Түркия шекарасында орналасқан Нахичеван анклавымен Армения арқылы көліктік байланыс орнататын болды.  

Ильхам Әлиев, Әзірбайжан президенті: 
-Алла барлық шаһидтарымызға разы болсын. Олардың батырлығы мен өздерін құрбандыққа шалуы нәтижесінде жерімізді қайтарып отырмыз. Барлық жараланған жауынгерлеріміз тезірек жазылып, қатарымызға қосылсын деп тілеймін.  

Айта кетсек, дүйсенбінің өзінде Әзірбайжан армиясы 48 ауылды қайтарды. Дегенмен, Таулы Қарабақтың өз ішіндегі армян елді мекендері Бакудың қарамағына берілмейді.

Бұған қоса, жаңа келісім аясында, қазір Ресей Таулы Қарабаққа 1960 жауынгерлік бітімгер контингент аттандырып жатыр. Олар майдан шебі мен Арменияны Қарабақпен байланыстыратын жолды бақыламақ. Аймақтағы жаңа ымыраның сақталуын қадағалауға Түркия да әскер жібереді деген хабар тараған еді. Мұны Мәскеу растамады.

Бірақ, түрік дипломатиясының жетекшісіне сенсек, мәселе талқыланып жатыр.

Мевлют Чавушоғлы, Түркия сыртқы істер министрі: 
-Атысты тоқтату туралы келісімге үш ел кеше қол қойды. Қазір сол ымыраны қалай бақылау проблемасы туындап отыр. Біз бұл жайтты талқылауды жалғастырып жатырмыз.  

Армения премьер-министрі Никол Пашинян даулы аймақтағы әскери жағдайды сараптап барып, жер қайтаруға келіскенін мәлімдеді. Ал, бұған дейін Таулы Қарабақ басшылығы бірнеше күнде армян күштері толық талқандалатынын ескерткен еді. Ереван жұрты болса, үкімет үйіне басып кіріп, Пашинянның шешімін сатқындыққа балап, одан отставкаға кетуді талап етіп, «Жер бермейміз!» деп ұрандатып жатыр.

Ал, Бакуде үлкен мереке. Әлиевтің үндеуінен кейін қала тұрғындары соғыстың аяқталғанын тойлап, Армения жеңілді деп шаттанды.

Айта кетсек, этникалық армяндар халықаралық заңдар бойынша Әзірбайжан жері - Таулы Қарабақты 1991-1994 жылдардағы соғыс кезінде басып алғаны белгілі.

Арыстан Рысбек 


Таулы Қарабақ соғыс

Хабарламаларға жазылу