Біздің Үкіметтің осы аптадағы отырысында Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин де елімізде тұрғын үй салудағы проблемаларды айтқан – құрылыс кезінде нысандар арасында болуы тиіс қашықтық сақталмайды, соның кесірінен подъездердің алдына өрт сөндіретін техника кіре алмайды.
Биыл тұрғындардың өзінен 100 шағым түскен. Сонымен бірге құрылыс кезінде жобадан ауытқып кететіндер бар, нәтижесінде нысандар жөндеу мүмкін емес қателіктермен тұрғызылады. Еліміз бойынша өрескел қателікпен салынған 263 нысан қолданыста.
Бұл расында, өзекті проблема – айтылып келе жатқанына да көп жыл, жаға ұстатын факті де аз емес. Соңғы кезде жиі келтіретін мысал - Алматыдағы бұрынғы Алғабас, қазір Зерделі деп аталатын ықшам аудандағы үйлер. Топырақ тексеруге, үйлерді қалпына келтіруге, тұрғындарды уақытша көшіруге дегендей, қазірдің өзінде бюджеттен 811 млн теңге жұмсалған. Тағы жұмсалмақ.
Мұндай жағдайлардың себептеріне үңілгенде бірінші кезекте коррупция еске түседі. Бәрі содан бастау алады-ау. Тендер ұтып алу, одан кейін іске кірісетін субмердігерлердің өз қалтасын қампиту үшін үнемдеп, стандарттарды, заңдарды өрескел бұзуы, соңында үйді қабылдап алатындардың бейнелеп айтқанда «көздерін шел басуы». Үйішілік қабырғалардың жұқалығына байланысты көршісінің әңгімесін ап-анық естіп, оның проблемасын өз проблемасындай уайымдап жүру тағы басқа ащы күлкі туғызатын жайттар туралы үндемедік. Мәселенің кейбір қырына әріптесім Жазира Оразқызы тоқталады.