Басты Жаңалықтар «Ауыл аманаты» бағдарламасымен жеңілдетілген несие алғандар жылыжай салып, тұрақты табыс табуда

«Ауыл аманаты» бағдарламасымен жеңілдетілген несие алғандар жылыжай салып, тұрақты табыс табуда

Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жүзеге асқан «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуы мен табысын арттыруға бағытталған бағдарлама екенін дәлелдеді. Соңғы екі жылда бұл жоба Түркістан облысында сәтті жүзеге асып, тұрғындар тұрақты табыс табуда. Жалпы, жобаны іске асыру нәтижесінде 3 600-ден аса жаңа жұмыс орны ашылып, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны қысқарды. 
Ордабасы ауданының Шұбарсу ауылында тұратын Өтеген Сыздықов «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасымен 9 млн теңге көлемінде несие алды. Жылыжай салатын 65 соттық жерді де тегін алды. Қомақты қаражатқа жылыжай салып, қияр мен қызанақ өсірді. Қазір алғашқы өнімін саудалай бастаған. Шаруа мемлекеттің қамқорлығының арқасына отбасына жақсы жұмыс табылғанын айтады.
Өтеген Сыздықов, шаруа:

Өнім жақсы, аптасына екі рет теріп жатырмыз. Тонна, тонна жарымнан теріп жатырмыз. Қазіргі таңда осы жылыжай басынан 850 теңгеден алып кетіп жатыр. Бұл жақсы жеңілдік болды 2,5 пайызбен берді.
Шұбарсу ауылында негізінен Өзбекстаннан қоныс аударған қандастар тұрады. Ауыл әкімдігі олардың жылыжай шаруашылығымен айналысуы үшін 6,5 гектар жер қарастырып, 42 адамға бөліп берген. Соның 37-сі қазір жылыжай шаруашылығымен айналысуда.
Күмісай Сүлеева, шаруа:
Қияр егіп, мемлекеттің қолдауымен отбасылық кәсіппен айналысып жатырмыз. Сұраныс жақсы, базарда жақсы сатып жатырмыз. Отбасымызды  бағуға жетеді. Базарда қазір 900 теңге болып жатыр.
Ордабасы ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасымен екі жыл бұрын 261 шаруа қожалығы мен жеке кәсіпкер 1 млрд 500 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алған. Сөйтіп мал шаруашылығы мен жылыжай салу сияқты қолы жетпей жүрген кәсіптерін дөңгелетті. Ал ағымдағы жылы төрт ауылдық округтен алты кооператив құрылып, жергілікті халық 260 млн теңге көлеміндегі қаражатты игеруде.
Нұрболат Бердімұратов, Ордабасы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:
Ауыл округтерінде балық шаруашылығын дамыту бойынша, құлпынай көшеттерін өндіріп, мүшелеріне беру бойынша, түйе сүтін өңдеу бойынша қазір жұмыстар жүргізілуде.
Айта кетейік, облыс көлемінде соңғы екі жылда «Ауыл аманатымен» 3 мыңнан аса жобаға 22 млрд 800 млн теңге қаражат бөлінді. Ал ағымдағы жылы берілген несиелердің қайтарым қаражат есебінен 3 млрд теңгеге 411 жоба қаржыландырылды. Шағын кәсіпкерлер саны 3 200-ден асып, ауыл округтеріндегі халықтың орташа табысы 20%-ға артты.

Бөлісу

Сондай-ақ оқыңыз

Барлығы