Шығыс Қазақстан өңірінде тау арасына қар көшкінін ескертетін арнайы құрылғылар орнатылып жатыр
Шығыс Қазақстан өңірінде тау арасына қар көшкінін ескертетін арнайы құрылғылар орнатылып жатыр. Бұл автоматтандырылған жүйе инженер-гидрогеологтарға көп көмек. Енді мамандар қардың қалыңдығын өлшеу үшін басын қатерге тігіп, биікке шықпайды. Ал аймақтағы IT мамандар металлургтер мен шахтерлердің қауіпсіздігін қамтитын бағдарлама жазып шықты.
Шығыста қар көшкіні болатын 300-ден аса қауіпті аумақ бар. Қар қалың түскен жылдары мамырға дейін көшкін түседі. Былтырдан бері тау арасындағы туристік нысандар мен автокөлік жолдар өтетін жерлерге арнайы құрылғылар орнатылып жатыр. Цифрлық бағдарлама ауа температурасы мен өзге де жағдайларды дәл есепке алып, қауіп туралы ақпаратты бақылаушы операторға жолдайды. Ақпарат әр 15 минут сайын жаңартылады. Профессор Наталья Денисованың бұл жобасы тәжірибеден сәтті өтті.
Наталья Денисова, профессор:
Қазақстан бойынша мұндай автоматтандырылған құрылғы біздің өңірде ғана бар. Біз бұл құрылғыны жасап-құрастырғанда халықаралық тәжірибеге сүйендік. Биыл жобаны аяқтадық. Бірақ әлі де жетілдіреміз.Жасанды интеллект арқылы жұмыс істейтін құрылғылар бүгінге дейін аймақтағы қар көшкіні ең көп түсетін үш жерге қойылды. 2023 жылы тәжірибе ретінде басталған жобаны өңірлік Төтенше жағдайлар департаментінің білікті мамандары саралай келе тиімділігіне көз жеткізген.
Аманкелді Еңсегенов, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
Енді оны өңірлік төтенше жағдайлар мониторингіне енгізу жоспарланып отыр. Бұл халықтың қауіпсіздігін арттырып, шұғыл қызметтердің әрекетін өсіруге мүмкіндік береді.Еңбек қауіпсіздігі жасанды интеллекті арқылы бақыланады
Техникалық университеттегі IT маман Руслан Шеттікбаев шахталардағы еңбек қауіпсіздігін сақтайтын виртуалды бағдарлама жазып шықты. Бағдарламада шахтаның шағын үлгісі көрсетілген. Әр қызметкер осы ойын арқылы қауіпсіздікті сақтауға машықтанады. Жұмыс барысында ереже сақталмаса, бірден операторға хабарлайды. IT маман бұл жобаны енді өндіріске енгізуге дайын.
Руслан Шеттікбаев, IT маман:
Шетелде мұндай бағдарламалар өте қымбат тұрады. Біздің жобамыз құрылымы жағынан олардан кем емес. Әлдеқайда арзан және тиімді нұсқаны әзірледік.Биыл өңірдегі кәсіпорындарда 89 оқыс оқиға тіркелген. Оның басым бөлігі жұмысшылардың қауіпсіздік ережесін сақтамағаннан болған. Жалпы, сарапшылардың айтуынша, алдағы үш жылда отандық компаниялардың 80 пайызы жасанды интеллектіні өндіріске енгізуді жоспарлап отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы