АҚШ-тағы президент сайлауында Джо Байден алда келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-тағы президент сайлауында Джо Байден алда келеді

05.11.2020

АҚШ-тағы президент сайлауының алдын ала нәтижелері бойынша демократ Джо Байден алда келеді. Ол қарсыласы Трампқа қарағанда, сайлаушылар алқасының көп дауысын жинаған. Дегенмен соңғы нәтижелер шыққанға дейін дауыс саны күрт өзгеруі де мүмкін. 

Дауыс беру бюллетендері бірнеше штатта әлі саналып бітпеді. Дегенмен Құрама Штаттардың келесі президентінің кім болатыны айқындала бастағандай. Алдын ала нәтижелер бойынша, демократ Джо Байден 264 дауыс жинаған. Американың кезекті президенті атану үшін оған небәрі 6 дауыс жетпей тұр. Бұл мақсатта саясаткерге Невада мен Джорджия штаттарында қарсыласын басып озса жеткілікті.

Джо Байден, президенттікке кандидат:
Дауыстар саналып, ұзаққа созылған түннен кейін, көптеген штатта алда келе жатқанымыз белгілі болды. 270 дауысты жинайтыныма күмән жоқ. Мен мұнда жеңіске жеткенімді айту үшін емес, президент атанатыныма сенімді екенімді білдіру үшін келдім.

Дегенмен қазіргі президент Дональд Трамп та оңайлықпен берілетін емес. Ол аса ірі штаттарда көп дауысқа ие болғанын алға тартып, өзінің жеңіске жеткенін жариялады. Ақ үй басшысы Пенсильвания мен Мичиган штаттарында өрескел заң бұзушылыққа жол берілгенін айтып, дауыстар санағын тоқтатуды талап етіп отыр. Бұған дейін ол Пенсильванияда сайлаушылардың көп дауысына ие болғанын жариялаған еді.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:
Бұл – Америка қоғамын алдау. Шын мәнінде сайлауда жеңіске жеткен біз. Дегенмен дауыстарды санауда алаяқтыққа жол берілген. Сондықтан, Жоғарғы сотқа шағым түсіреміз.

Әдетте бір күнде белгілі болатын нәтижелер биыл кешеуілдетіп жатыр. Бұған көңілі толмаған халық наразылық акцияларына шықты. Бірнеше қалада шерулер соңы қақтығысқа ұласқан. Ашынған демонстранттар бүлік шығарып, дүкендер мен ғимараттардың терезесін қиратты. Нью-Йоркте полициямен қақтығысқан 50-ден астам шеруші тұтқындалды. Сарапшылардың айтуынша, пошта арқылы берілген дауыстарды санау ұзақ уақытта созылуы мүмкін. Сондықтан соңғы нәтижелер екі аптадан кейін ғана белгілі болады деген болжам бар.

Жансая Қапасқызы

АҚШ президент сайлауы

Хабарламаларға жазылу