Шымкенттегі халықтар достығы университетінің білім беру лицензиясы тоқтатылды

27.10.2020

Шымкентте 13 мыңға тарта студент болашағына алаңдаулы. Өйткені Білім және ғылым министрлігінің тексерісінен соң олар оқып жүрген Әбдімұса Қуатбеков атындағы халықтар достығы университетінің білім беру лицензиясы тоқтатылды. Өткен аптада шыққан сот шешімі енді бірер күнде заңды күшіне енбек. Дағдарып қалған шәкірттер онлайн оқуларын тастап бүгін университет алдына жиналды.

Университетке оқуға түскеніне небәрі екі ай болмай жатып, Мәдина студенттік өмірмен қош айтысуы мүмкін. Өйткені өзі қалап оқуға түскен білім ордасының болашағы бұлыңғыр. Өзгесіне ауыса қояйын десе оқу ақысы тым қымбат. 

Мәдина Шырынбек, студент:
-Білім министрі сендердің төлемдерің басқа университетке барғанда толық сақталады деген. Алайда басқа оқу орнына барып сұрасам, сақталмайды деді. Екі есе қымбат.  

Жоғары курс студенттеріне тіпті қиын. Мұндағы кейбір факультеттер білім ордаларының көбінде жоқ. Болған күннің өзінде олар оқу пәндеріндегі айырманы сылтау етіп, төмен курсқа қабылдамақ. 

Мырзалы Абдулла, студент:
-Қосқан кезде ол университетте менің мамандығым жоқ. Сол жағы қалай болады. Сол кезде біз қайда барамыз, қайда оқимыз. Сонша жыл оқығанымыз зая кете ме?

Университетте 800-дей бала отбасы жағдайына байланысты әлеуметтік жеңілдікпен білім алып келген. Тосын шешім оларды да тосырқатты. Министрліктің тексеру тобы университет жұмысында 40 түрлі кемшілікті анықтаған. Оны жоюға 5 ай уақыт бергенімен кей олқылық сол күйі түзелмеген. Университетті лицензиядан айырған себеп осы. 

Ғалымжан Жұмашев, ҚР Білім және ғылым министрлігі комитет төрағасының орынбасары:
-Біліктілік талабы бойынша кітап жүйесі электрондық және қағаз түрінде де 100 пайыз қамтылу керек. Осы жерде ескерту болды. Оның үстіне кейбір студенттердің қабылдау ережесі бұзылды. 

Университет басшылығы министрілік айтқанымен мүлдем келіспейді. Олар аудандық соттың лицензияны қайтарып алу туралы шешіміне қарсы апелляциялық шағым түсірді.

Айгүл Көпешова, университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры: 
-Оқу процесі бойынша ешқандай кемшіліктер жоқ және студенттердің жұмысқа орналасуы 50 проценттен асады. Бізде ешқандай кемшіліктер жоқ болғандықтан ол шешіммен келіспейміз. 

Бір сорақысы, университеттегі студенттердің 6 мыңдайы жабылып қалған өзге оқу орнынан былтыр ғана ауысып келген. Енді сотта бұл оқу орны да жеңіліс табатын болса, мұндағы 7 мың шәкірт тағы әуре-сарсаңға түспек. 

Ғани Қалмаханов

Шымкент халықтар достығы университеті лицензия

Хабарламаларға жазылу