Тоқаев «Шеврон» компаниясының бас атқарушы директорын қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тоқаев «Шеврон» компаниясының бас атқарушы директорын қабылдады

21.10.2020

Теңіздегі жобаларды іске асыруда қазақстандық үлесті қамтамасыз ету маңызды. 2022 жылға қарай өндіріс қуатын кеңейту жобасын уақытылы іске қосу да басты назарда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Шеврон» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Майкл Уиртті қабылдап осы мәселелерге назар аударды. Қарашығанақ кен орнында мұнай өндіру көлемін жылына 10-11 миллион тонна мөлшерінде ұстап тұру қажеттігін атап өтті. Бейнебайланыс форматындағы кездесуде COVID-19 пандемиясы жағдайында әлемдік энергетика нарығының ахуалы да сөз болды.

«Шеврон» компаниясы Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігіне жалпы құны 20 миллион АҚШ доллары болатын медициналық бұйымдарды, дәрі-дәрмектер мен қорғаныш құралдарын сыйға тартты. Шетелдік білікті дәрігерлер мен эпидемиологтардың елімізге келуін ұйымдастырып, Құлсары қаласында 200 орындық инфекциялық аурухана құрылысын қаржыландырды. Мемлекет басшысы бұл жәрдемі үшін компания жетекшісіне алғыс білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-«Шеврон» компаниясы Теңіз бен Қарашығанақта мұнай-газ секторындағы ірі жобаларды іске асырудағы сенімді серіктес ретінде еліміздің энергетика нарығында өте белсенді қызмет атқаруда. Өкінішке қарай, коронавирус пандемиясы мұнай және газ индустриясына кері әсер етіп, мұнайға деген сұраныс пен ұсыныс арасындағы тепе-теңдік бұзылды және шикізаттың бағасы төмендеді. Қазір бәрі вакцинаға байланысты. Қазақстан отандық вакцинаны дайындап жатыр. Келесі жылдың алғашқы тоқсанында жағдай оңалып, серіктестігіміз жаңаша қарқынмен жалғасады деген үміттемін. 
Майкл Уирт, «Шеврон» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы, бас атқарушы директоры:
-Қазақстан – біз үшін ерекше ел және компаниямыздың жұмысындағы аса маңызды бағыт. Сондықтан Қазақстанның энергетика саласындағы, атап айтқанда, Теңіз және Қарашығанақ кен орындарындағы өзара іс-қимылдарды жалғастыруға ниеттіміз. Қазақстан – мұнай-газ ресурстары бар керемет мемлекет және біз түрлі жобаларды іске асыруда осы елдің сенімді серіктесі болғанымызға қуаныштымыз.

Ләйлә Дулатқызы

Президент Шеврон

Хабарламаларға жазылу