Қазақстанда биыл қыс қалай өтеді - Синоптиктер болжамы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда биыл қыс қалай өтеді - Синоптиктер болжамы

20.10.2020
Қазақстанда биыл қыс қалай өтеді - Синоптиктер болжамы

Синоптиктер биыл қыс қарашада түседі деген болжам жасады.

«Қараша айында жауын-шашын (көбінесе қар), қарлы боран, сондай-ақ көктайғақ пен тұман жиі болады. Айдың бірінші жартысының ең суық күндерінде термометр бағанасы түнде -10-23°C, күндіз -2-10°C дейін төмендейді. Суық ауа массалары жылыға ауысқанда термометрлердің бағаналары +5+12°С белгісіне жетеді», - деп хабарлайды Қазгидромет.

Еліміздің оңтүстік бөлігінде айдың екінші жартысында жаңбыр, жылбысқы қар жаууы ықтимал. Бұл жағдайда температура фоны түнде -5-12°С дейін, күндіз -1+5°С дейін төмендейді.

Ал солтүстікте бір ай бойы жылы күндер аязды күндерге ауысуы мүмкін. Осылайша Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы норма шамасында, елдің солтүстік-батыс бөлігі нормадан 1°С жоғары, оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыстың таулы және тау бөктерлі аудандарында нормадан 1°С төмен болады.

Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері норма шамасында, еліміздің солтүстік-шығыс жартысында және оңтүстік-шығыс аймақтарының таулы, тау бөктеріндегі аудандарында нормадан көп, республиканың оңтүстік-батыс жартысында нормадан аз болады деп болжанады.

Қараша айында қар жауады. Көпжылдық мәліметтерге сәйкес, қар жамылғысы қалыптасуының орташа күні солтүстік және шығыс аймақтарда - қараша айының ортасында, Қазақстанның орталық бөлігінде қарашаның екінші жартысында, еліміздің батысы мен оңтүстік-шығысында қарашаның соңында және желтоқсанның бірінші жартысында, республиканың оңтүстігінде және оңтүстік-батысында желтоқсанның үшінші онкүндігіне сәйкес келеді.

Биыл қыс өткен жылғы қыстың сценарийі бойынша, яғни жылы және жауын-шашынға мол болады деп күтілуде.

Өткен жылдың қысында Қазақстан аумағына Атлантика аудандарынан жылы және ылғалды ауа массаларын әкелетін батыс тасымалы жиі жүзеге асырылды. Жер бетіндегі қабатта белсенді циклон мен атмосфералық фронттардың жиі өтуі байқалды, осыған байланысты республиканың басым бөлігінде қалың қар жауды. Бұл процесстің ең үлкен әсері елдің солтүстік-шығысында және орталығында байқалды, бірқатар терең циклондар өте қолайсыз ауа райын әкелді: боранмен жиі және қатты қар жауды, олардың ұзақтығы 12-25 сағат, көріну қашықтығының нашарлауы 50 м дейін жетті, жел 30-35 м/с дейін күшейді.

Алдағы қыста Қазақстан аумағы бойынша температуралық фон климаттық нормадан 1-2°С жоғары, тек еліміздің оңтүстік, оңтүстік-шығыс, шығыс аймақтарының таулы және тау бөктерлі аудандарында норма шамасында болады.

Желтоқсан мен қаңтар айларында еліміздің басым бөлігінде ауа райы жауын-шашынды болады, ақпан айында жауын-шашын мөлшері елдің басым бөлігінде нормадан көп, ал оңтүстік-батыс жартысында норма шамасында болжанады.

Көктемнің басы, атап айтқанда наурыз жылы және жауын-шашының мөлшері аз болады деп күтіледі. Қазақстан аумағының басым бөлігінде орташа ауа температурасы нормадан 1-2°С жоғары, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында нормаға жуық болжанады. Жауын-шашын мөлшері басым бөлігінде нормадан аз, қиыр солтүстікте және Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстарының оңтүстік-шығыс бөлігінде норма шамасында, Шығыс Қазақстан обласының тауларда нормадан көп болжанады.

қыс ауа райы ауа райы болжамы

Хабарламаларға жазылу