73 жастағы Бөртөре Ағабаев жыл сайын жұрт жаман жолға ұрынып қалмасын деп ауылдың көшелерін жөндейді. Өз зейнетақысынан ақша шығарып, цемент алып, оны араластырып ауылды аралап жүріп тасжолдағы тесіктерді бітейді. Және де еңбегін ешкімге міндет қылмайды.
Бөртөре атаның ермегі - жол жамау. Қате естіген жоқсыз. Жетпістен асса да, қимылы шалт, жүрісі ширақ. Бейнеттің зейнетін көрер шақта жұртқа жақсылық жасап, ерік-жігердің ерен үлгісін көрсетіп жүр.
Бөртөре Ағабаев, Ащыбұлақ ауылының тұрғыны:Ары-бері өткен жеңіл машина бұзылмасын деп істедім мынаны. Ауыл тұрғындары рақметін айтып жатыр, өткен шопырлар рақметін айтып жатыр.
Бір қызығы, қарияның өзінде көлік жоқ, бірақ шұрық-тесік жол көрсе, қарны ашады. Асай-мүсейін асынып бірден іске кіріседі.
Бөртөре Ағабаев, Ащыбұлақ ауылының тұрғыны:Мына жер шұңқыр еді. Жағалап құя бердім. Үйде уақыт өтпейді. Аз-маз шұғылдансаң, уақыт өтеді. Қимылдап істей бересің.
Жолдың жайын жортқан біледі. 35 жыл механик болған зейнеткер ауылдағы көшенің жарығын жамап, жұрттың алғысын алғанға дән риза.
Абай Садықов, Ащыбұлақ ауылының тұрғыны:Ағаға рақмет айтамыз. Өз қаражатына жолдарды жөндеп жатыр.
Өзінен бұрын өзгенің қамын ойлаған қарияның қылығына сүйінген желідегі жұрт Волонтер жылында еңбегі еленбей қалмаса дейді. Іскер атаның өзі ауылдың жолы тегіс бүтінделмей тоқтамаймын деп бекініп отыр.