Садыр Жапаров Қырғызстанның премьер-министрі болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Садыр Жапаров Қырғызстанның премьер-министрі болды

14.10.2020

«Ер кезегі үшке дейін». Қырғызстанда үшінші рет өткізілген отырыстан соң ақыры премьер-министр болып Садыр Жапаров тағайындалды. Жогорку Кеңеш депутаттары бүгінгі басқосуда Үкімет бағдарламасын, құрылымы мен құрамын да бекітті. Осыдан 4 күн бұрын Қырғыз Парламентінің кезектен тыс отырысында Садыр Жапаров Үкімет басшылығына бекітілген еді. Дегенмен, Президент Сооронбай Жээнбеков кандидатураны қайта қарауды ұсынған. Сондықтан бүгін өткен үшінші жиында 83 депутат Садыр Жапаровтың премьер-министр лауазымына кандидатурасын қарап, бірауыздан жақтап дауыс берді.  

Экс-депутат Садыр Жапаровты Бішкектегі тәртіпсіздіктер басталғанда жақтастары түрмеден шығарып алған болатын. Билік саясаткерді 2013 жылы Құмтөр алтын кенішін мемлекет иелігіне алу талабымен митинг ұйымдастырды деген айыппен 11,5 жылға бас бостандығынан айырған еді. Бүгінгі отырыста су жаңа премьер: «ешқандай да қылмыскер емеспін, саяси тұтқын болдым»,- деп ақталуға тырысты. 

Садыр Жапаров, Қырғызстан премьер-министрі:
Тергеуге кеткенім - саяси тапсырыс екенін қырғыз жұртшылығы біледі. Бір де бір факті болған емес. Егер мен шынымен қылмыскер болсам, премьер болайын, мемлекетті басқарайын демес едім. Мемлекетті көтерейік, жемқорлықты түп-тамырымен жоқ қылайық деген ниетпен ғана келдім. 

Жазира Оразқызы

Қырғызстан премьер-министр Бішкек наразылық

Хабарламаларға жазылу