Мемлекет басшысы Садыр Жапаровты сайлаудағы жеңісімен құттықтады

11.01.2021

Мемлекет басшысы Қырғызстанның жаңадан сайланған Президенті Садыр Жапаровпен телефон арқылы сөйлесті. Қасым-Жомарт Тоқаев оны сайлауындағы жеңісімен құттықтады. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті бауырлас Қырғызстанмен арадағы ынтымақтастықты екі ел халқының мүддесіне сәйкес достық, тату көршілік және стратегиялық әріптестік рухында одан әрі дамыта беруге бейілді екенін нақтылады. 

Өз кезегінде Садыр Жапаров Қырғыз Республикасының тұрақты әрі байыпты дамуға бағытталған ұмтылысын үнемі қолдап келе жатқан Мемлекет басшысы мен Қазақстан халқына алғыс айтты. Президенттер екіжақты байланыстардың күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендерін, сондай-ақ халықаралық ұйымдар шеңберіндегі іс-қимылдарды арттыруға ниеттілігін растады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровты Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Қырғыз басшысы шақыруды қабыл алып, Президент ретіндегі алғашқы сапарын Қазақстаннан бастайтынын айтты. Сонымен қатар ол Мемлекет басшысын Парламент сайлауының сәтті өтуімен құттықтады.

Хабарламаларға жазылу