Қырғызстандағы төтенше жағдай режимі 1 аптаға созылады

12.10.2020

Қырғызстанда қайтадан төтенше жағдай жарияланды. Жоғарғы Кенеш Сооронбай Жээнбековтің жұма күнгі шешімін қолдамаған сыңайлы. Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, төтенше жағдай режимі 1 аптаға созылады. Ал қырғыздың бизнес қауымдастығы 8 млрд сомнан қағылдық деп отыр.

Апта бойы қақтығыс, тартыс, билікке талас бір тыйылған жоқ. Қырғыз ақпарат құралдары кешегі демалыстарды әлдеқайда тыныш өтті деп хабарлап жатыр. Жұма күні Президент шұғыл түрде төтенше жағдай режимін жариялаған. Бішкек аумағына блокбекеттер орнатылып, әскер кіргізілді. 

Дегенмен, елде тыныштық толық орнаған жоқ. Төтенше жағдайға қарамастан, топ-топ болып жиналып, наразылық білдіргендер әлі де бар. Президент жарлығын Жоғарғы Кеңештің үш күн ішінде қарастырмауына байланысты Сооронбай Жээнбеков Бішкекте екінші рет төтенше жағдай жариялап отыр. 

Бүгіннен басталып, 19 қазан таңғы 7-ге дейін жалғасатын төтенше жағдаймен қоса ел астанасында коменданттық сағат жарияланып отыр. Тұрғындардың қалаға кіріп-шығуы шектеледі және бұқаралық іс-шаралар, митингтер, шерулер өткізуге қатаң тыйым салынған.

Бір ғана Бішкек бюджетінің тапшылығы қазір 1,5 млрд сомнан асып кеткен. Сондықтан қала басшылығы тезірек ел экономикасының барлық секторын қайта жандандыру керек деген ойын білдірді. Әр кірпішін қайта қалағандай ғып шаћардың тазалық қызметі бұзылған нысандар мен жолдарды қалпына келтіруге кірісті. Бішкек билігі қала инфрақұрылымына келген шығынды шамамен 20 миллион сом деп есептеген. 

Замир Қаражанов, саясаттанушы: 
-Қазір Қырғызстан үшін елдегі саяси ахуалды тұрақтандыру өте маңызды. Бұл бүліктің салдарын да ұмытпаған дұрыс сияқты. Себебі, бейберекетсіздіктердің кесірінен экономика тұралап жатыр. Шығынның шаш етектен болатыны анық. 

Бішкектегі бүліктен, әсіресе, бизнестің қарыз бен шығынға белшесінен батқаны белгілі. Қырғыз сарапшылары республика экономикасы 8 млрд сом болатын шетелдік инвестициядан қағылды дейді. Шетелдік инвесторлармен 200 млн доллардың келісімшарты бұзылып, жоспарланған жаңа бизнес жобалар іске аспай қалған. 

Жазира Оразқызы

Хабарламаларға жазылу