Орынбор облысындағы су тасқыны тағы бір аптаға созылуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Орынбор облысындағы су тасқыны тағы бір аптаға созылуы мүмкін

10.04.2024

Жайық өзеніндегі су қауіпті деңгейден асып, 996 сантиметрге жетті. Ресейде көктемгі су тасқынынан 13 мыңнан астам үйді су басты. Бірнеше өңірде төтенше жағдай режимі жалғасуда.

Индира Бегайдар, тілші:

Орынбор облысында ахуал күрделі. Мұнда федералды деңгейдегі төтенше жағдай режимі енгізілді. 5 күн бойы апатпен күрес жүргізіліп жатыр, алайда бір түнде су мөлшері межеден асып, қауіптің жоғары деңгейі тіркелді. Бірнеше елді мекенде ауыз су беру уақытша тоқтатылды. Қазір өңірде 82 мың орындық 500-ге жуық уақытша орналастыру пункті бар. Ішек ауруларының алдын алу үшін эвакуацияланғандарға А гепатитіне қарсы жаппай вакцинация жүргізілуде. Мамандардың айтуынша, Орынбор облысындағы су тасқыны тағы бір аптаға созылады, бірнеше ауданды су басуы мүмкін. Одан бөлек, Түмен, Қорған облыстарында да төтенше жағдай режимі әлі жалғасуда. Себебі алдағы күндері су деңгейі артып, жағдай ушығуы мүмкін. Самара облысының кей аудандары, Чувашия республикасы мен Алтай өңірі де көктемгі су тасқынынан зардап шекті.


Индира Бегайдар

Хабарламаларға жазылу