Бірқатар өңірде ауа райына байланысты төтенше жағдай жариялануы мүмкін

04.02.2020
Бірқатар өңірде ауа райына байланысты төтенше жағдай жариялануы мүмкін

Еліміздің бірқатар өңірінде ауа райының қолайсыздығына байланысты төтенше жағдай жариялануы мүмкін. Бұл туралы ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер айтты.

Ол қазір елорда мен ШҚО-ның екі ауданында қардың көптігіне байланысты төтенше жағдай режимі енгізілгенін атап өтті. Сондай-ақ бұл режимнің жағдай тұрақталғанша сақталатынын ескертті.

«Ақмола облысында да төтенше жағдай жарияланады деп болжап отырмыз. Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақмола, сонымен қатар Қарағанды облыстарында жағдай күрделі», - деді Беккер.

Комитет төрағасының айтуынша, бүгін таңертең 13 өңірде дабылды ескерту жарияланған. 23 жол учаскесі, соның ішінде респубикалық маңызы бар 13 тасжол таңғы 08:00-ге дейін жабық болды.

«Қазір республикалық маңыздағы барлық учаске ашық. «Қазгидрометтің» алдағы аптаға жасаған болжамы көңіл көншітерлік емес, ауа температурасы көтеріліп жатыр. Мұның соңы бұрқасын мен боранға әкеп соғады», - деді Беккер.

Ол Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарында жаңбыр жауғанын, сондықтан қазір жолда көктайғақ екенін айтты. Сол себепті төтенше жағдай қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

Хабарламаларға жазылу