Шымкент қаласында карантин 26 қазанға дейін ұзарды. Бұл туралы қаланың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Әбдіманап Төлебаевтың қаулысында жазылған.
«Шымкент қаласының аумағында 2020 жылғы 12 қазан сағат 00.00-ден бастап 2020 жылғы 26 қазан сағат 00.00-ге дейін карантиндік шектеу шаралары ұзартылсын», — делінген қаулыда.
Құжатқа сәйкес, демалыс және мереке күндері жабық базарлардың қызметі тоқтатылады. Сондай-ақ бқл күндері сыйымдылығы 30 пайыздан аспайтын және бір келушіге 4 шаршы метрлік кеңістік тәртібін сақтаумен азық-түлік базарлары мен жәрмеңкелердің, азық-түлік емес базарлардың қызметі сағат 06:00-ден 18:00-ге дейін шектеледі. Жәрмеңкелердің жұмысы күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып жалғасады, оның ішінде дезинфекциялық тоннельдер және санитайзерлер болуы тиіс.
Сондай-ақ кинотеатрлардың (ашық алаңда орналасқан кинотеатрларды қоспағанда), цирк, сауда-ойын сауық кешендері мен орталықтардың, сауда үйлерінің ішіндегі балалардың ойын алаңдарының, мұз алаңдарының, батуттар мен фудкорттардың жұмысына тыйым салынсын. Ашық алаңдағы кинотеатрлардың жұмысы бетперде кию режимі, әлеуметтік қашықтық сақталған жағдайда қалыпты режимде рұқсат етіледі.