Қырғызстанда қақтығысқа шыққан халық алтын кеніштерін басып алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қырғызстанда қақтығысқа шыққан халық алтын кеніштерін басып алды

06.10.2020

Қырғызстанда қазанның 4-де өткен парламенттік сайлаудың нәтижелері жарамсыз деп жарияланды. Ал, сол қорытындымен келіспеген партиялардың жетекшілері уақытша үкімет құру туралы келіссөздер жүргізді. Ал кеше түнде Бішкекте толқу кезінде шеруге шыққандар ақ үйге басып кіріп, от қойды. Наразы топ сондай-ақ ғимараттардың терезесін сындырып, көліктерді өртеген. Жараланғандардың саны 700-ге таяп қалды. Мемлекет басшысы елде билікті заңсыз тартып алу әрекеттері жасалғанын мәлімдеді. 

Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясы қазанның 4-де Жоғарғы кеңеске өткен сайлаудың қорытындысын жарамсыз деп жариялады. Айта кетсек, дүйсенбі күні шерулер сол сайлауда төрт партия ғана жеңіске жеткеннен кейін басталды. Олардың үшеуі – президентке жақын. 

Бішкекте демонстранттар парламент үйіне де басып кірді. Бұған дейін олар президент пен үкімет кеңселеріне және қала әкімшілігіне күшпен енген еді. «Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, оппозиция тіпті республика билігін қолға алғанын да жариялап отыр.  

Дегенмен, президент Сооронбай Жээнбековтың мәлімдеуінше, оның оппоненттері басшылық тізгінен заңсыз иемденуге әрекет жасап отыр. 

Сооронбай Жээнбеков, Қырғызстан Президенті:
-Құрметті отандастарым, кеше түнде кейбір саяси партиялар үкіметті заңсыз құлатуға әрекет жасады. Олар сайлауды сылтау етіп, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзды. 

Демонстрацияларды тарату үшін қауіпсіздік күштері су шашатын машиналар мен газ қаруын және құлақты шуылдататын гранаталарды қолданды. Қақтығыстар барысында 700-ге таяу адам жараланып, біреуі қаза тапты, жетеуі жан сақтау бөлімінде жатыр.

Жұмабек Сарабеков, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
-Қырғыз саяси элитасының мемлекеттік деңгейде ойлау қабілетінің жетіспейтіндігінен хабар береді. Бұл жерде саясаткерлер өзінің бір саяси амбицияларын алдыға қойып, елдегі саяси күресті конституциялық негізде жүргізуден бас тартып, күшке негізделген саяси төңкеріске барып отыр. 

Митингке 5 мыңдай адам қатысты. Олар Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің штаб-пәтерлеріне де шабуыл жасап, түрмеден бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев пен екі экс-премьер-министрді босатты. 

Бірқатар сарапшылардың ойынша, қырғыз үкіметі жағдайды бақылаудан шығарып алған тәрізді. 

Жұмабек Сарабеков, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
-Атқарушы билік жағдайды бақылаудан шығарып алды. Егер жақын арада тараптар бір диалогқа бармайтын болса, онда жағдай революциялық сценариймен дамуы әбден мүмкін. 

Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, аймақтарда да билікке қарсы шерулер басталғандықтан, үкіметтің бірнеше облыстағы өкілетті өкілі мен Бішкек мэрі отставкаға кетті. Сонымен қатар, шерушілер өңірлердегі алтын кеніштерін басып алды деген мәлімет бар. Ал, оппозициялық партиялар уақытша кабинет құру жөнінде келіссөздерді бастаған.

Арыстан Рысбек

Қырғызстан

Хабарламаларға жазылу