Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Алматыға барды. Мұнда Президент жаңа аурухананы ашып беріп, индустриялды аймақты аралады. Дағдарыстан шығудың жолын айтып, өлім жазасын жоюға қатысты мәлімдеме жасады. Әрі әлемді жайлаған індеттің екінші толқынына дайын болу жөнінде тапсырма берді. Әу баста бұл жерге психоневрологиялық диспансер салу көзделген еді. Бірақ коронавирустың өршуіне байланысты жұқпалы аурулар ауруханасының филиалы тұрғызылды. Су жаңа ғимаратты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ашып беріп, мүмкіншілігін бағалады. 500 орынға лайықталған емдеу мекемесінің екі корпусы, 45 реанимациялық бөлмесі бар. Сovid қайта күш алса, жасанды тыныстандыру аппараты секілді медициналық құрылғылар жеткілікті. Жедел жәрдем станциясы 35 көлікпен толыққан. Дайындықтан өткен дәрігерлер де сақадай сай.
Нариман Табынбаев, Орталық қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері:
- Өзіміз де күндіз-түні дайындалып жатырмыз. Құрал-жабдықтар бәрі бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-«Сақтықта қорлық жоқ»,- дейді қазақ. Мына жерде кәсіби мамандар ма бәрі? Жиналды ма? Білімді, білікті адамдар бар ма?
- Аурухана салынғанша бәрі дайындалды.
- Жақсы онда іске сәт. Бәрі дұрыс болсын.
Бірге боламыз деп дәрігерлерді жігерлендірген Мемлекет басшысы еркінсуге болмайтынын да ескертті. Өйткені шартарапты шарпыған індеттің әлем бойынша екінші толқыны жүріп жатыр. Біз де соған дайын болуымыз керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақтар бекер айтпайды ғой, «құлан қырда, құндыз суда деп». Баршаңызға амандық тілеймін. Жұмыстарыңыз жемісті болсын. Босаңсуға қазір болмайды. Күрделі жағдайда бәріміз жинақты болуымыз керек.
Бұдан соң Мемлекет басшысы индустриялды аймаққа ат басын бұрды. 60 кәсіпорынның әзірге 20-сы ғана іске қосылған. Соның бірі-есік терезе шығаратын фабрика. 300-ге жуық адам еңбек ететін өндіріс орнының еңбек өнімділігі жылына 475 мың шаршы метр.
Сергей Хрущёв, компания директоры:
-Біздің кәсіпорында барлығы бір жерде шоғырланған. Шикізат та өзімізден. Елде мұндай жағдайда жұмыс істеп жатқан әзірге біз ғана. Тауарларымызды ірі қазақстандық компанияларға сатып отырмыз. Алдағы уақытта Ресей мен Өзбекстан нарығына шығу жоспарда бар.
Ал бұл корейлік Hyundai көлігінің зауыты. 28 миллиард теңге инвестиция салынған концернде 350 адам еңбек етеді. Құрастырылған көліктің 70 пайызын ішкі нарыққа, 30-ын экспортқа шығару көзделген.
Досжан Маратұлы, тілші:
- Әзірге зауытта Hyundai-дың төрт моделі шығарылады. Кейін оны 6-ға жеткізу жоспарланған. Ал өндіріс көлемі жылына 30 мың көлік. 2023 жылдан бастап оны 45 мыңға жеткізу көзделген. Айта кетерлігі бұл машиналарды қазақстандықтар жеңілдетілген несиемен ала алады.
Бекнұр Несіпбаев, «Astana Motors» компаниясы бас директоры:
- Қазіргі кезде бізде 45 Оңтүстік Кореядан келген маман жұмыс істеуде. Біздің мамандарды дайындап жатыр. Сосын әр операциядан кейін әр цехта арнайы бөлінген пост бар, сол постта шығарылған көліктің сапасы тексеріледі.
Ал кәсіпорынды аралап көрген Мемлекет басшысы көліктің біріне қол таңбасын қалдырып, индустириялды аймақтағы кәсіпкерлермен кездесті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Халыққа арнаған Жолдауымда кәсіпкерлікті дамытуға ерекше басымдық бердім. Егер бизнесті өркендетуге мемлекеттік органдар тарапынан шектеу болса, оны еліміздің дамуына қарсы жасалған қылмыс деп санауымыз керек.
Үкімет пен бизнес қаржылық қиындықты бірігіп еңсеруі керек дейді Президент. Стратегиялық жоспарлау және реформалар мен кәсіпкерлікті қорғау агенттіктері осы бағытта жұмыс істеуі тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Нарықты монополистерден тазартуымыз керек. Сөйтіп шынайы бәсекелестікте жұмыс істегісі келетін кәсіпкерлерге жол ашамыз. Сонда ғана экономикамыз еркін дамитын болады.
Экономиканы ғана емес, демократияны да дамытуымыз керек. Бұл бағытта жұмыс атқарылып жатыр. Елімізде партия, митинг туралы заңдар қабылданды. Енді соған жаңа екпін беру керек. Осы жерде Мемлекет басшысы Қазақстанның өлім жазасын жою туралы халықаралық хаттамаға қол қоюына қатысты мәлемдеме жасады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Еліміз өлім жазасынан мүлдем бас тартады. Бұл батыл шешім. Конституциямызға сай келеді. Және негізгі заңға түзетулер енгізудің қажеті жоқ. Өйткені Тұңғыш Президентіміз оған онсыз да мораторий жариялаған.
Мемлекет басшысына кәсіпкерлер тарапынан өтініштер жоқ емес. Бизнес, әсіресе мал экспортына салынған мораторийді ұзартуды сұрап отыр. Ал индустриялды аймақтан соң Қасым-Жомарт Тоқаев «Алмалы» ойын алаңына барды. Жаңғыртудан өткен жер кішкентай ұл-қыздардың мекені. Ал бұл «SEN» деп аталатын музыкалық мектеп. Жаңадан ашылған нысанды аралаған Мемлекет басшысы балалар мен өнер ордасының ұжымына сәттілік тіледі.
Досжан Маратұлы