Мемлекет басшысының Алматыға жасаған жұмыс сапары И.Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының жаңа филиалына барудан басталды. Қасым-Жомарт Тоқаев 500 адамға стационарлық медициналық жәрдем беруге арналған және заманауи құрылғылармен жабдықталған палаталарды аралап көрді.
Сондай-ақ қаладағы медициналық-демографиялық ахуал және COVID-19 індетіне қарсы күресу үшін қабылданған шаралар, сондай-ақ, медициналық жедел жәрдем қызметінің жұмысы жөнінде баяндалды. Президент медицина қызметкерлерімен әңгімелесу барысында ұлттық денсаулық сақтау саласын одан әрі дамыту, медициналық мекемелерді қажетті құрылғылармен жабдықтау, төсек-орын мен инфрақұрылымды жаңарту, сондай-ақ, дәрігерлердің еңбекақысын арттыру мәселелеріне тоқталды.
Мемлекет басшысы коронавирустың ықтимал жаңа толқынына дайын болудың маңызды екенін атап өтті. Осы ретте азаматтарымыздың өмірі мен денсаулығын сақтау үшін барлық ресурсты жұмылдыру қажеттігін айтты.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы пандемияға қарсы күрестің күрделі жағдайында атқарған қажырлы еңбектері үшін дәрігерлерге ризашылық білдірді.