Ресейдің ЖОО-дарында білім алатын қазақстандық студенттер оқуларынан шет қалуға мәжбүр. Себебі, ұшаққа билет жоқ. Бар болса да, бизнес орын үшін 1 млн теңгеге жуық қаржы керек. Карантинге дейін аптасына 181 рейс жасаған әуе компаниялары енді екі ел арасында тек бір рет ұша алады. Сандалған студенттер арнайы жоспар әзірленсе деп отыр. Көрші елмен арадағы әуе қатынасы не себепті қысқарды? Оқуына жете алмай жүрген Жасұлан Дандыбаев - Мәскеудегі Жоғары экономика мектебінің 2-курс студенті. 1 қыркүйекте оқуы басталған. Алайда тәлімгер ұшаққа билет таппай әлі күнге сандалып жүр.
Жасұлан Дандыбаев, РФ Жоғары экономика мектебінің студенті:
- Қашықтан оқу сапалы білім алуымызға кедергі. Ресейге тез арада жетейік десек, билет жоқ. Екі ел билігі бірлесіп студенттердің білім алуына мүмкіндік беретін жоспар әзірлесе екен деймін.
Жоспар дегені, қазақ студенттерін Ресейге әуе қатынасынан бөлек теміржол немесе қоғамдық көлікпен жетуіне мүмкіндік жасалса дейді. Себебі, аптасына 1 рет ұшатын рейспен 75 мың студенттің жақын арада оқуына жетуі неғайбыл дейді Жасұлан. Биыл ғана ұлын Ресейге оқуға түсірген Бибігүл Махметова да тығырықтан шығудың жолын білмей дал.
Бибігүл Махметова, 1-курс студентінің анасы:
- Ұлыма тобында оқитын достары өткен сабақтарды суретке түсіріп жібереді. Әзірше осылай білім алып жатырмыз. Әуе компанияларының сұраныс бар екен деп, ұшақ билетін тым аспандатып жібергені қынжылтып отыр.
Алайда «Air Astana» әуе компаниясы бағада ешқандай өзгеріс жоқ екендігін айтады. Қазіргі билет тапшылығының бар екенін мойындап, оның салмақты себебін де жеткізді.
Тілек Әбдірақымов, Әуе компаниясының корпоративтік коммуникациялар жөніндегі менеджері:
- Жазда алған билеттерін рейстерін тоқтатуға байланысты жақын уақыттағы рейстерге ауыстыра алады. Сондықтан біз оларды алдымен рейске аламыз. Одан кейін қалғандары билет сатып алады. Жоғары сұранысқа байланысты қазан айының соңына дейін эконом-кластағы рейске мүлдем билет жоқ.
Жазира Оразқызы, тілші:
- Пандемияға дейін Қазақстан мен Ресей әуе компаниялары қос мемлекет арасында аптасына 181 рейс орындаған. Қазір әр елден тек 1 рет ұшуға рұқсат беріліп отыр. Карантиннен кейінгі алғашқы рейс 2 күннен соң Нұр-Сұлтан-Мәскеу бағытында болады. Егер ұшу жиілігіне қойылған шектеу алынса, әуе компаниялары рейстер санын арттыруға сақадай-сай. Әрине, бұл бірінші кезекте екі елдің эпидахуалына тікелей байланысты.
Жазира Оразқызы