Президент Қасым-Жомарт Тоқаеы БҰҰ Бас ассамблеясы 75-сессиясының саяси дебатында сөз сөйлейді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Президент жиында әлемдегі түйткілді мәселелер мен сын-қатерлерді, соның ішінде коронавирус пандемиясына қарсы күреске, жаһандық экономиканың өсімін қалпына келтіруге, терроризмге қарсы іс-қимыл, ядролық қарудан бас тартуға және таратпауға, климаттың өзгеруіне қатысты проблемаларды көтермек.
Cонымен қатар Мемлекет басшысы халықаралық ынтымақтастық және өзара сенім білдірудегі БҰҰ-ның рөлін күшейтуге назар аударады.
Бұдан бөлек Президент 2030 жылға дейінгі орнықты дамудың Күн тәртібін жүзеге асыру, «Жасыл экономиканы» дамыту және Орталық Азиядағы өңірлік іс-қимылдарды жандандыру мәселелеріне мән береді.
Мемлекет басшысы елдің ішкі саясатына қатысты мәселелерді де қамтиды, соның ішінде, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іске асырылуына да тоқталмақ.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті бірқатар халықаралық бастама көтереді. Солардың бірі – бүкіл әлемдегі волонтерлердің еңбегін мойындауға, құрметтеуге бағытталған.
Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінің тікелей трансляциясын БҰҰ веб сайтынан: http://webtv.un.org немесе Facebook-тегі: https://www.facebook.com/UNWebTV парақшасынан көруге болады.
🇰🇿🇺🇳 Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік Ұйымның мерейтойлық іс-шарасы аясында БҰҰ Бас Ассамблеясы 75-сессиясының Жалпы саяси дебаттарында сөз сөйлейді pic.twitter.com/piKtHJFn9g
— Ақорда Баспасөз қызметі (@AkordaPress) September 23, 2020