Коллекторлар мен жеке сот орындаушылар заңсыз ақша өндіріп келген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Коллекторлар мен жеке сот орындаушылар заңсыз ақша өндіріп келген

22.09.2020

Коллекторлар мен жеке сот орындаушылар бірлесіп, борышкерлерден заңсыз ақша өндіріп келген. Еліміздің бас прокуратурасы сыбайласқан ұйымдардың былығын әшкереледі. Белгілі болғандай коллекторлар ақша өндірудің жаңа схемасын құрған. Берешегі бар борышкерлер туралы мәліметтерді заңсыз пайдаланып, мәжбүрлеп ақша өндірген. Қазір бұл іске байланысты бір емес, бірнеше құзырлы орган тексеруді бастады. Раушан Сайлауқызының материалы. 

400 000 теңге салсаңыз, үй аласыз. Баспанаға мұқтаж ана жаңалықты ести сала жан ұшырып жақындарынан қарыз сұрайды. Алайда алданғанын кеш ұққан. Банкке берешегі бар Зүлфия Қосалиева осылай коллекторлар құрған тұзаққа ілінді. Коллекторлар Шымкенттен шалғай ауылда ғана емес елорданың қақ ортасында жұртты сан соқтырып жүр. Тіпті мемлекеттік мекемені де місе тұтпайды. Үй кезегіндегі 20-ға жуық адамға жалған құжат жіберіп, қалтасын қаққан.

Арманай Оңғарбаева, қалалық тұрғын-үй қорының баспасөз хатшысы:  

- Тұрғын үй қоры қазір онлайн жұмыста келмей-ақ қойыңыз, қарызыңды жабыңыз да мына почтаға жібере қойыңыз деп алдап жатыр екен. Яғни бізге келіп шындықты білмеу үшін. Кезекте тұрған 47000 адамға осы ақпарат келуі мүмкін. Сақ болуларыңызды сұраймыз. 

Қоқан-лоққы, айла-тәсіл несие өндірушілер кәсібінің ережесіне айналғандай. Жеке сот орындаушылармен сыбайласып ортақ кеңсе ашады. Сөйтіп электронды қолтаңбаны да иеленеді. Осылайша базадан қарызгерлер туралы 200 мыңнан астам деректі пайдасына асырған. Бұл Алматыдағы 35 компанияның ісі, -дейді прокуратура. Алайда сол өңірдегі өкілдің бірін сөзге тарттық. Олар коллекторлар жұмысына шаң жуытпады.   

Рустам Абибов, коллекторлық компанияның директоры:

- Біз электрондық қолтаңбаны басқа сот орындаушылардан сұрауға қақымыз жоқ. Көбі мен білетін секторда адал таза жұмыс істейді. Адамдарды қанауға, тығырыққа тіреу, қорқыту біздің - мақсат емес, біздің мақсат - ақшаны өндіру. 

Жыл өткен сайын коллектордан қысым көріп, шағымданғандар көбейді. Заң бойынша коллектор борышкермен күніне үш рет хабарласуға, аптасына үш мәрте кездесуге құқы бар. Ал бұл міндетті асыра пайдаланғандар енді жазасыз қалмайды. Коллекторларға жауапты қаржы нарығын реттеу агенттігі енді елдегі 172 ұйымның жұмысын тексермек.

Қайрат Райысов, ҚР Бас прокурордың аға көмекшісі:

- Агенттік Әділет министрлігімен бірлесіп жақын арада коллекторлардың жұмысына тексеріс бастайды. Сондай-ақ агенттің коллекторлар туралы заңға түзетулер енгізуді бастады. Заңдағы түзету борышкерлердің құқығын қорғауды көздейді.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

- Коллекторлармен ауыз жаласқан жеке сот орындаушылар ай сайын 300 мың теңге сыйақы алып отырған. Бірақ, оңай олжа орға жықты. Жеке сот орындаушылардың 17-сі жұмыстан шығарылды. Тағы 40 маман күдікке ілініп, ақпараттық базалары бұғатталған. Коллекторлардың да қитұрқы әрекеті жауапсыз қалмайды. Тексеріс біткен соң тиісті жаза да белгілі болады,- деп отыр.  

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу