Жер, мүлік және көлік салығына байланысты проблемалар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жер, мүлік және көлік салығына байланысты проблемалар

16.09.2020

Соңғы кезде халық салық туралы көп айтатын болды. Мәселен, өз атына тіркелмеген көліктің салығы үшін қарыздар болып, енді қалай құтыларын білмей жүргендер бар. Ал Мемлекеттік кірістер комитеті мәліметті ауадан алып отырған жоқпыз деп ақталады. Қателік көбіне құжат рәсімдеу кезінде жіберілетін көрінеді. Қысқасы жұртшылықтың міндетті төлем үшін миллиардтаған берешегі әлі бар. 

Иелігінде жоқ дүние үшін қарыз болғандар жетіп артылады. Әсіресе көлік салығына қатысты дау көп. Нақты саны белгісіз. Бірақ, бәрі әлеуметтік желіде жыларман болып отыр. 

- Салық қызметі көлікке 1844 теңге көлемінде қарызсыз деген ескерту жіберді де бірден менің есеп шоттарымды жауып тастады. Машина 4 жыл бұрын сатылған, атымнан шығарылған, төлемі де толық өтелген еді. Бүкіл құжат сақтаулы тұр. 

Алайда, онысын қалай дәлелдерін білмей дал. Мәселе өзекті. Дегенмен шешімі бар. Жуырда «eSalyq» мобильді қосымшасы іске қосылды. Онда жеке сәйкестендіру нөмірін енгізу арқылы бүгінге дейін 2 мыңға жуық адам теріс мәліметтерін өзгерткен. 

Салықтың жыры мұнымен бітпейді. Екібастұзда жүздеген ұстаз жалақысынан қағылды. Берешегін уақытылы өтемеген соң құзырлы орган білім бөлімінің есепшотын бұғаттай салған.  

Жазира Хамзабаева, Екібастұз қалалық білім бөлімінің басшысы:

- 6 мектептің ұстаздары барлығы тамыз айының еңбекақысын қыркүйектің 10-дейін алмаған туралы мәліметі расталды. Ол еңбекақы салық төлемдері уақытылы төленбегендіктен, ауыл мектептері есепшілерінің жіберген қателіктерінен туындады. 

Ал жұртшылық салыққа салғырт қарайды,-дейді комитет өкілі. Мысалы былтыр берешегі бар жеке тұлғаларға рақымшылық жасалды. Сол кезде 1 млн 400 мыңнан аса қарызгердің 61%-і ғана өтеген. Жеңілдік биыл да беріліп отыр. Соны пайдаланған 57 мыңдай адам 608 млн теңге көлемінде негізгі салығын жауып, 110 млн теңге өсімпұлынан құтылды. 

Олжас Отар, ҚР Мемлекеттік кірістер комитеті басқармасы басшысының міндетін атқарушы: 

- Жеке тұлғалардың мүлік, көлік, жерге байланысты 16 млрд-тан астам салыққа берешегі бар. Егер де сол 16 млрд теңге жергілікті әкімдіктің қаражатына түсетін болса, қаншама жұмыстар атқарылатын еді. Бірінші бізде салық мәдениетін қалыптастыруымыз керек. 

Нысаналы Ығыл, тілші:

Әрине, «қарыз қайтарумен ғанибет». Бірақ негізгі салықтан бөлек, кешіктіргенің үшін өсімпұлды да өтеу керек. Сондай басы артық шығыннан арылуға мүмкіндік бар әлі. Осы жылдың қазанына дейін мүлік пен жер, ал желтоқсанға дейін көлік салығын қайтарып үлгерсеңіз үстіндегі өсімпұлы кешіріледі. 

Нысаналы Ығыл


Хабарламаларға жазылу