Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 29 миллионнан асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 29 миллионнан асты

15.09.2020

Коронавирустың қайта өршуі әлемнің 58 елінде байқалып отыр. Осыған қарамастан, мемлекеттер кезең-кезеңімен мектептерді ашып жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хабарлауынша, сол себептен де жастар арасында вирус жұқтыру оқиғалары көбейген. 

6 ай карантиннен кейін Румынияда 3 миллиондай оқушы мектеп табалдырығын аттады. Елде коронавирус күніне мың шақты адамнан анықталып, жалпы науқастар саны 104 мыңнан асты. Осыған қарамастан ел билігі балалардың сыныптарға оралғаны дұрыс дейді. 

Пәкістанда да бүгін білім ордаларының жұмысы жанданды. Алайда сабаққа қатысуға әзірге жоғары сынып оқушылары мен студенттерге ғана рұқсат. Соңғы дерек бойынша, елде коронавирус жұқтырғандар саны 302 мыңнан асқан.

Насим Ахар, мектеп директоры: 

- Оқушылар бірнеше топқа бөлініп, мектепке кезек-кезек келеді. Сыныптарда адам санын азайту үшін осылай жасадық. Қыркүйектің 23-нен бастап 6-8 сыныптар, 30-нан бастап бастауыш сыныптар ашылады.

Ал Қытайдың Юньнань провинциясында әскери режим енгізілді. Оған себеп Мьянмадан барған екі адамнан коронавирус табылған. Енді мұндағы барлық тұрғындар жаппай тестілеуден өтуі тиіс. Жалпы Қытайдың материктік бөлігінде соңғы тәулікте 8 адам жұқпалы дертке шалдыққан.

АҚШ-та адам тынысынан коронавирусты анықтайтын алкотестер шығарылды. Бастапқыда ішімдік пен есірткіні анықтауға арналған құрылғы COVID-19 инфекциясын да таба алатын болып отыр. 

Майк Линн, «Hound labs» компаниясының директоры:

 - Біз 50 адамға тәжірибе жасадық. Аппарат олардың сегізінен коронавирусты анықтады. Нәтиже медициналық талдау жүзінде расталды. Алдағы уақытта құрылғыны жетілдірсек, оны коронавирусты жылдам анықтайтын тест ретінде қолдануға болады.

Ал Мароккода медицина мамандары наразылық білдіріп жатыр. Олар жалақыны көтеруді талап етіп, қызметкерлер мен қажетті жабдықтың жетіспеушілігіне шағымданды. Ауруханаларда орын жоқ. Елде соңғы тәулікте 2400-ден астам адамнан COVID анықталған. Бұл - шілдеден бергі ең жоғары көрсеткіш. 


Жансая Қапасқызы

Хабарламаларға жазылу