Биыл 995 млрд теңгеге 206 жоба іске асады

15.09.2020

Елімізде әлеуметтік азық-түлік бағасы жыл басынан бері 4,4 процентке қымбаттап кеткен. Әсіресе, қарақұмық, қант, сәбіз пен картоптың бағасы өскен. Сол үшін бүгін Үкіметте жұрт жиі тұтынатын тауарлардың бағасын тұрақтандыру мәселесі қаралды. Онда баяндама жасаған Сауда және интеграция министрі алаңдауға негіз жоқ деп отыр. Өйткені қазір тұрақтандыру қорларында азық-түліктің 16 түрі бойынша резерв бар. «Ол тағы да қымбатшылыққа жол бермеу үшін жеткілікті», - дейді Бақыт Сұлтанов. Оның үстіне бағаны өсірмей ұстап тұру үшін түрлі шаралар қабылданып жатыр. 

Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:

- 7 тауарды экспорттауға, сондай-ақ тауарларды ай сайын шығаруды квоталауға тыйым салынды. Бұдан басқа, бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында ағымдағы жылдың наурыз айынан қыркүйек айына дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының импорты мен сатылуына қосылған құн салығының ставкасы 12%-тен 8%-ке дейін төмендетілді.

 Оның үстіне әлеуметтік 9 тауарға шеткі баға белгіленіп, құнды негізсіз шарықтатқан 200-ге жуық кәсіпкерге айыппұл салынған. Премьер-Министр Асқар Мамин әлеуметтік тауарлардың бағасын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ Үкіметте Индустриялық-инновациялық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасының іске асу барысы да талқыланды. Осы индустрияландырудың картасы аясында биыл шамамен бір триллион теңгеге 206 жобаны іске асыру көзделген. 

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Бұл өндіріс көлемін 1,3 трлн теңгеге экспортты 325 миллиард теңгеге ұлғайтуға және 19 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Жобалар барлық өңірде іске асады. Биыл капитал салымын ең қажет ететін жобалар Қарағанды, Ақтөбе, Алматы, Павлодар Жамбыл облыстары және Алматы қаласында іске асып жатыр.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу