Коронавируспен ауырған науқастарға антибиотиктер, қан сұйылтуға арналған дәрілер мен қызуды түсіретін препараттар тегін беріледі. Вирустық инфекцияны емдеуге қатысты жасалған соңғы протоколға осындай шаралар енгізілді. Бұл туралы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының өкілі айтты. Бүгін басқарма қызметкерлері медициналық мекемелерге тексеріспен барып, коронавирустың екінші толқынына дайындықпен танысты. Мамандар індетті емдеуде дәрі-дәрмек, техникалық жабдықтау, дәрігерлердің тапшылығына қатысты енді ешқандай қиындық болмайтынын айтты. Қалада барлығы 18 стационар ашылады. Жергілікті бюджеттен 50 ӨЖЖ аппараты, 500 оттегі концентраты сатып алынған.
Әлия Рүстемова, қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Күз келіп, күн суытып, көпшілік тұмаумен ауырады. Оның негізінде коронавирус та өрши түспек. Сондықтан барлық жағдайға дайын болуымыз керек. Бастысы амбулаторлық ем-шаралардың сапасын, ондағы қауіпсіздікті күшейтсек. Сонда ауруханаларда қосымша төсек орын жабдықтау қажет болмайды.
Фариза Мұсақызы