Бұдан былай мектеп оқулықтары жаңа сапада жарық көреді - А.Аймағамбетов - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бұдан былай мектеп оқулықтары жаңа сапада жарық көреді - А.Аймағамбетов

04.09.2020

Мектеп оқулықтарынан кемшіліктер кездессе, оны баспа қайтадан тегін басып беруге міндетті. «Министрлікпен арада осындай келісім түзілді»,-деді Асхат Аймағамбетов. Кітаптың мазмұнды, сапалы әрі қатесіз шығуы енді зертханаға емес, авторға жүктеліп отыр. 

Авторларды таңдаудың өзіне талап күшейді. Олар арнайы оқудан өтуі керек. Яғни, сертификат иелері ғана оқулық жаза алады. Бұдан былай сарапшыларға да шарт қатайды. Енді мамандар конкурстық негізде іріктеледі. Бұрынғыдай облыстық басқарманың немесе жоғары оқу орнының хаты арқылы, я басқалай жолмен кандидатурасын бекіту тоқтатылды. Сондай-ақ сарапшылар туралы дерек сараптау біткенше құпия сақталады. Биыл алғаш рет ғылыми-әдіснамалық кеңес құрылды. Олар оқулықтардың ғылыми негізделуіне жауапты. Тағы балалардың жасына сай әрі педагогтардың технологиялық ілгерілеу үрдісіне қарай кітап басып шығаруға ықпал болады. 

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Біз бұның алдында айтқанымыздай, үлкен өзгерісті енгіздік. Бүкіл нормативтік құқықтық құжаттар бекітілді. Сондықтан қазір жаңа тәртіп орнатылды деп айтуға болады. Бұдан кейін шығатын оқулықтардың сапасы мүлдем басқа болады.  

Биыл 3 млн 400 мыңнан аса оқушы оқулықпен толық қамтылды. Қағаз кітаптың электронды нұсқасы министрліктің сайтына жүктелген. Бұл әр баланың ыңғайына қарай білім алуына мүмкіндік үшін жасалған. Ендігі ұсыныс - Қазақстан тарихының ортақ оқулық базасын жасау. Әлемге әйгілі көркем әдебиет түрін де қазақ тілінде көбейту мәселесі көтерілді. Мектеп кітапханаларында жеткілікті болуы маңызды.

Нысаналы Ығыл

Хабарламаларға жазылу