Бұдан былай елдегі барлық мектеп оқушылары ерекше қамқорлыққа алынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бұдан былай елдегі барлық мектеп оқушылары ерекше қамқорлыққа алынады

29.11.2017

Биылдан бастап Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен білім ордаларында ресми қамқоршылық кеңесінің жаңа үлгісі енгізіледі. Мектептерде оңтайландыру жұмыстары жүргізіледі. Қоғамдық бақылаудың бұл түрі білім беру сапасын арттыру, ата-ана мен бала байланысын күшейту әрі әлеуметтік қолдау көрсету бағытында қызмет етеді.

Жаңа жүйенің мектеп бағдарламасына енуін ата-аналар асыға күтіп жүр. Себебі, бұл әке-шеше мен оқушы және ұстаздардың арасында берік байланысты нығайтады.

Зәуреш Айтжанова, қала тұрғыны:

- Мен өзім Қамқоршылық қорын қолдаймын. Қазіргі балалардың оқуы, басқа пәндердің қосылуына байланысты мұғалімдердің де өздеріне қосылған жүктері көбейіп тұр және де жаңа методикалар қосылып тұр.

Сала мамандарының сөзінше, жыл сайын мектеп бағдарламасы күрделеніп келеді. Оған оқулықтардағы өзгерістер мен күнделікті сабақ кестесі дәлел. Сондықтан, қамқоршылық кеңесінің өкілдері оқушының сабақ уақытынан тыс уақытта белсенділігін арттыруға септігін тигізбекші.

Көлбай Өмешбаев, №90 мектеп-лицейдің директоры:

- Биылғы жылы робототехниканы аштық, шахмат клубын аштық. Оған жағдай жасап отырған Қамқорлық кеңесі.

2007 жылдан бері әр мектепте Қамқорлық кеңесі жұмыс істеп келеді. Алайда, олардың мүмкіндіктері шектеулі болған. Бұл мәселе енді оңтайлы шешіледі. Себебі, салалық министрлік тарапынан қолдау көрсетіледі. Мысалы, қазір елде 7000-нан астам мектеп болса, оның 4000-ы осы жүйеден хабардар.

Нұрбек Оршыбеков, ҚР БҒМ Балалар құқығын қорғау комитетінің төрағасы:

- Бүгінгі таңда Білім және ғылым министрлігі тарапынан осы бастаманы біздер қолға алып, Қамқоршылар кеңесінің жұмыс істеу тәртібін бекітіп, жалпы, бұл институтты еліміздегі барлық мектептерге тарату, тиімді тарату.

Жалпы, Қамқоршылық кеңесінің құрамына кіру үшін ешкімге шектеу жоқ. Оған ата-аналар, жергілікті, атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдері мүше болуға құқылы. Тіпті, қайырымдылық жасаушыларға да рұқсат етілген.

 

Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу