Түркияның COVID-19-ға қарсы вакцинасы қыркүйекте адамдарға сынала бастайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияның COVID-19-ға қарсы вакцинасы қыркүйекте адамдарға сынала бастайды

29.08.2020

Түркияның коронавируске қарсы отандық вакцинасы қыркүйек айында еріктілерге салынып, сынала бастамақ. Бұл ақпаратты елдегі коронавирусқа қарсы күрес жөніндегі ғылыми кеңес мүшелері хабарлады. 6 айдан бері лабораторияларда сынама жұмыстары жүргізіліп жатқан «BNT-162-О» вакцинасы жануарларға салынып, нәтижесі сәтті шыққан. Енді ғалымдар 18 бен 65 жас аралығындағы 700 еріктіге салып көрмек. 

Хасан Мандал, Түркия ғылыми-техникалық зерттеу кеңесінің төрағасы:

- Түркияда ғалымдардың 8 арнайы тобы вакцина жасау үшін күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Өздеріңіз білесіздер, кей вакциналар 10 жылда, кейі тіпті 20 жылда жасалған. Егер жұмыстар ойдағыдай аяқталса, қыркүйектің 15-інен бастап адамдарға сынама жүргізе бастаймыз, ал келер жылдың басында біз өзіміз өндірген вакцинаны қолданысқа енгіземіз. 

Түркияда коронавирус кейінгі айда өршіп барады. Күн сайын шамамен 1500 адамға жұғып жатыр. Сондықтан ел билігі карантиндік шараларды қатаңдата бастады. Адам көп жиналатын барлық шараларға тыйым салынып, жасы ұлғайған және созылмалы науқасы бар адамдардың көшеге шығуына шектеу қойылды.

Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу