Əлемде коронавирус жұқтырғандар саны 24 миллионға жуықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Əлемде коронавирус жұқтырғандар саны 24 миллионға жуықтады

26.08.2020

Озонның аз мөлшердегі концентрациясы коронавирусты жоя алады. Жапондық ғалымдар бүгін осындай мəлімдеме жасады. Енді аталған газ ғимараттарды дезинфекциялауда қолданылуы мүмкін. Тағы бір ғылыми зерттеудің нəтижесінде коронавируспен ауырған адамның инфекцияны қайта жұқтыруы əбден мүмкін екені дəлелденді. 

Гонконг ғалымдары келешекте коронавирусты бірнеше рет жұқтыру қалыпты жағдайға айналуы мүмкін дейді. Жергілікті тұрғынның қауіпті дертке екінші мəрте шалдығуынан соң осындай болжам жасалды. 33 жастағы ер адам 4,5 айдан кейін COVID-пен тағы күресуге мəжбүр.

Айван Ханг Фан-Нгай, профессор:

- Көп жағдайда ауру жеңіл түрде өтетіндіктен, ағзада антиденелер аз түзіледі. Яғни, адам дертке қайта шалдығуы ықтимал. Инфекция толық жойылып кетпейді. Сондықтан болашақта барлығымызға екпе жасау қажеттілігі туындауы мүмкін.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл болжамды əлі де зерттеу керек дейді. Ал инфекцияны екінші рет жұқтырғандар Еуропада да тіркелген.

Қарт Құрлықта вирустың таралу қарқыны үдеп барады. Францияда бір күнде 5 мыңнан астам науқас анықталды. Дегенмен мамандар ауруханаға түсетіндер саны қалыпты мөлшерде деп отыр.

Доминик Костаглиола, эпидемиолог:

- Ауруханаға жатқызылатындар саны əр ай сайын шамамен екі есеге артып отыр. Алайда бұл бұрынғы көрсеткіштермен салыстырғанда аз. Сондықтан жағдай бақылауда деуге болады.

Испания коронавируспен күреске əскери күштерді тартпақ. Елде індетке шалдыққандар саны жарты миллионға жуықтап қалды. Осылайша COVID-тің екінші толқыны басталды деген болжам бар.

Педро Санчес, Испания премьер-министрі:

- Эпидемияның қайта ушығуына жол бермейміз. Көрсеткіштер артып барады. Сондықтан дереу шара қабылдап, жағдайды бақылауға аламыз.

Аргентина тəуліктік науқастар саны бойынша рекорд жаңартты. Мұнда бір күнде 8700-ден астам адам вирус жұқтырып, 381-і қайтыс болды. Жалпы Латын Америкасында дертке душар болғандар 7 миллионға жуықтап қалды.

Жансая Қапасқызы

Хабарламаларға жазылу