Венгрия қазақстандық кәсіпкерлерді қолдау үшін 100 млн доллар көлемінде қаржы бөледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Венгрия қазақстандық кәсіпкерлерді қолдау үшін 100 млн доллар көлемінде қаржы бөледі

29.04.2019

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстан-Мажарстан бизнес форумында Венгрия премьер-министрінің орынбасары әрі сол елдің қаржы министрі  Михай Варга осылай деді. Аталған қаражат Eximbank арқылы экспорттық операцияларды қаржыландыруға бағытталмақ.

Өзін «Мадияр» деп атайтын Еуропаның көшпенділері Ұлы дала төсінде. Бизнес форумға Мажарстаннан 100-ге жуық бизнесмен келген. Бәрінің ойы - сенімді серіктес табу. Алдымен тараптар 11 түрлі меморандумға қол қойды.

Келісімдер сан саланы қамтыған. Мәселен, Венгрия өзінің шипалы санаторилерімен кәрі құрлыққа аты шыққан. Жыл сайын ем алу үшін бұл елге миллиондаған турист барады. Демек, бұл салада үйренеріміз көп. Ақапарат үшін айта кетейін, Қазақстанда 145 шипажай бар.

Венгрия ауызсуды тазарту саласында да алдыңғы орында. Питер Зсадани басқаратын компанияның технологиясы Франция, Германия, Ағылшын аралы секілді елдерді мойындатқан. Оның ойынша, бас қаланың су мәселесін шешу үшін 5 жыл уақыт жеткілікті.

Питер Зсадани, «KROFTA Waters Technology Ltd» компаниясының бас директоры:

- 1 млн-нан астам тұрғыны бар Нұр-Сұлтан қаласын сумен қамту үшін үш жерден су тазарту станцияларын орнату қажет. Ішуге жарамды су қаншалықты тереңде жатыр дегенге ғылыми жауап алуымыз керек. Менің ойымша, астаналарыңызды сумен қамту қиын шаруа емес.

Екі ел арасындағы тауар айналымы көп емес. 140 млн доллар көлемінде. Михай Варга бастап келген делегацияның мақсаты - бір орында тұрып қалған алыс-берістің тамырына қан жүгірту.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу