Бұқаралық ақпарат құралдары 1 қазанға дейін салықтан босатылады.
Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева айтты. Ол Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн режимде өткен халыққа есеп беру кездесуінде коронавирус пандемиясы кезеңінде отандық БАҚ-қа көрсетілетін қолдау шараларына тоқталды.
«Бүгінде коронавирус пандемиясы салдарынан бұқаралық ақпарат құралдары экономикалық қиындықтарға тап болуда. Дағдарысқа қарсы шаралар аясында Парламент 2020 жылғы 1 сәуірден бастап 1 қазанға дейінгі кезеңде салықтардан және жалақыдан ұсталатын міндетті аударымдардан босатуды қарастыратын түзетулері мен өзгерістері бар заң жобасын мақұлдады. Сонымен бірге Парламент тиісті заң жобасын қабылдады. Оның аясында 2020 жылдың 1 шілдесінен 31 желтоқсан аралығында коммерциялық теле-радиоарналарды аналогтық және эфирлік цифрлық хабар тарату қызметтері үшін ақы төлеуден босату қарастырылған», - деді министр.