23 маусымнан бастап елорда емханалары жоспарлы қабылдау мен науқастарды қарауды тоқтатады. Эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып осындай шешім қабылданды, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Атап айтқанда: ересектер мен балаларды профилактикалық қабылдау, оның ішінде скринингтер, жоспарлы стоматологиялық, оңалту қызметтері, денсаулық мектебі, медициналық-әлеуметтік қолдау, МӘС құжат рәсімдеу, күндізгі бөлімнің жұмысы, жоспарлы түрде ауруханаға жатқызуға жолдама беру, тәулік бойғы және күндізгі стационар бар.
Мамандардың жоспарлы консультациялық көмек көрсетуі онлайн форматқа ауыстырылады.
Диспансерлік тіркеуде тұрған азаматтарға қажетті рецепт онлайн беріліп, дәрі-дәрмек үйге дейін жеткізіп беріледі. Халықты вакцинациялау екпенің ұлттық күнтізбесі бойынша жоспарлы түрде жүргізіледі. Жүкті әйелдерді қабылдау, УДЗ скрининг жүргізу штаттық режимде қалады. Қала емханалары тек шұғыл және КВИ белгілері бар науқастарды ғана қабылдайды.
Коронавирустың ауру белгілері жоқ науқастарын емдеу үшін медицина қызметкерлері бейнеқоңырау және байланыстың басқа да арналарын пайдалану арқылы консультация өткізетін болады. Ауру белгілері байқалған бойда науқастарды ауруханаға жатқызады.
22 маусымда қосымша 200 орындық стационар дайындалды. Қажеттілік туындаған жағдайда басқа да ұйымдар стационар ретінде бейімделеді.