Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 8 жарым миллионнан асты

19.06.2020

Ал әлем бойынша Covid-19 инфекциясын жұқтырғандар саны 8 жарым миллионнан асты. Жер жаһанға жайылған коронавирус Италияға ақпанда емес, желтоқсанда жеткені анықталып отыр. Осы елдің ғалымдары сондай қорытындыға келді. Бұған дейін мұндай мәлімдемені Франция мен Испания зерттеушілері де жасаған еді.

Жалпы алғанда, бүгін планета бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 8 жарым миллионнан асып, 455 мыңға жуығы қайтыс болды. Науқастардың 2 миллион 200 мыңға жуығы – америкалықтар. Сонымен қатар, «ковидтан» АҚШ-та 120 мыңға таяу адам о дүниелік болған.

Ал Қытайда пандемияның екінші толқыны басталады деген қауіп туындап отыр. Ел астанасында көшелер қайта босады. Өткен тәулікте Бейжіңде 25 адамнан қауіпті инфекция табылды.

Бразилиядағы жағдай әлі қиын. Бұл мемлекетте күніне шамамен мың адам коронавирустың құрбанына айналып жатыр. Ал жұқтырғандар миллионға жетіп қалды.

Ресей үшінші орында. Мұнда жұмбақ инфекция 560 мыңнан астам адамнан табылды. Дегенмен, құрбандар саны өзге ірі мемлекеттермен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Федерация аумағында «ковидтен» қайтқандар қатары 8 мыңға жеткен жоқ.

Арыстан РЫСБЕК


Хабарламаларға жазылу