Коронавирусқа қарсы вакцина клиникалық сынақтан қашан өтеді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Коронавирусқа қарсы вакцина клиникалық сынақтан қашан өтеді?

19.06.2020
Коронавирусқа қарсы вакцина клиникалық сынақтан қашан өтеді?

Қазақстан ғалымдары әзірлеп жатқан коронавирус инфекциясына қарсы кандидаттық вакцина клиникалық зерттеуден күзде өткізіледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты

«Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары 3 платформада коронавирус инфекциясына қарсы 5 кандидаттық вакцина әзірлеуде. Бірінші, инактивацияланған вакцина химиялық заттардың әсерінен бейтараптандырылған вирустарға негізделген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы инактивацияланған кандидаттық вакцинаны әзірлеу хаттамасын тексерді және 2020 жылғы 15 мамырда өз тізіміне енгізді», - деді министр. 

Оның атап өтуінше, екінші рекомбинантты суббірлікті вакцина, үшінші рекомбинантты векторлық вакцина дайындалуда. Кандидаттық вакцина клиникаға дейінгі сынақтан сәтті өтуде. 2020 жылғы 15 мамырда кандидаттық инактивацияланған вакцинаны клиникаға дейінгі сынақ басталды. Тышқандардағы қауіпсіздік және иммуногендігі тексерілді. 

«2020 жылғы 10-23 маусым аралығында кандидаттық вакцинаның уыттылығы мен аллергиялық қасиеттері зерттеледі. 2020 жылғы маусым-шілде айларында тышқандар мен егеуқұйрықтардағы кандидаттық вакцинаның уыттылығы, сондай-ақ күзен мен алтын сириялық алақоржынның иммуногендігі зерттеледі. Кейін 2020 жылдың қыркүйек айында клиникалық зерттеулерді бастау жоспарланып отыр», - деді Асхат Аймағамбетов.

Хабарламаларға жазылу