Австралия, Үндістан, Пәкістанда коронавирус өршіп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Австралия, Үндістан, Пәкістанда коронавирус өршіп тұр

19.06.2020
Австралия, Үндістан, Пәкістанда коронавирус өршіп тұр

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 8,4 млн адамды құрады. 450 мыңнан астам науқас қайтыс болды.

Қазіргі таңда Австралия, Үндістан, Пәкістан мен басқа да елдерде коронавирус инфекциясы өршуде.

Пәкістанда Пенджаб провинциясының бірқатар қаласында ішінара карантин енгізілді. Провинциядағы халық саны 100 млн адамнан асады. Соңғы аптада кейбір аудандарда, атап айтқанда, Лахор әкімшілік орталығында коронавируспен ауырғандар саны күрт өсті. Пенджабтың өзінде барлығы шамамен 60 мың коронавирус жұқтыру жағдайлары тіркелген. Полиция локдаун енгізілген аумақтардың шекарасын күзетеді. Тек азық-түлік дүкендері мен дәріханалар ашық. Қоғамдық көлік жұмыс істемейді, сондай-ақ жеке автокөлікпен жүруге тыйым салынған. Пәкістан билігінің шешімі бойынша жаңа жағдайлардың саны 300-ге жететін жерлерде карантин енгізіледі. 

Үндістанда ауырғандардың рекордтық тәуліктік көрсеткіші тіркелді, 12 881 адам вирус жұқтырған. Делиде инфекция Денсаулық сақтау министрінен анықталды, бұған дейін ол тыныс алу қиындап, дене қызуы көтерілгеніне шағымданып, дәрігерге жүгінген болатын. Мумбайда мыңдаған адам ауырып қалды. Алайда, осыған қарамастан, Үндістан экономикалық себептер үшін карантинді әлсіретіп отыр. Әлемде сырқаттанғандар саны бойынша Үндістан төртінші орында. Елде 367 мыңға жуық адам ауырса, 12 мыңнан астам науқас қайтыс болды. 

Австралияда да жаңа жағдайлар анықталды. Халық саны жөнінен екінші орында тұрған Австарлияның Виктория штатында екі күнде 18 адам ауырған. Дәрігерлердің айтуынша, инфекция бірнеше күн бұрын Жаңа Зеландиядағыдай шетелдік туристерден емес, жергілікті халықтан анықталған.

inform.kz Фото: AP

Хабарламаларға жазылу