Елімізде коронавирустың екінші толқыны басталып кетті ме? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде коронавирустың екінші толқыны басталып кетті ме?

13.06.2020

Covid-19-дың екінші толқыны келді деп бір тарап гу ете қалды. Екінші тарап бұл бірінші толқынның соңғы соққысы. Болды, осымен адуынды ауру айылын жияды деп дәтке қуат берді. Бірақ... Адам алпыс айлалы десе де коронавирус жер басып жүрген жеті миллиард адамды алып ұратын алапат күшке ие. Оған көптің көзі жетті. Әрине, қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ болып сенбеуге тырысатын сабаздар бар. Алайда әлемде қазірдің өзінде 500 мыңға жуық адамның дәл осы дерттен жер жастанғанын ескерсек есті жиятын кез келді. Қазақтан билігі дерт дендемесін деп қатаң шараларды енгізді, кейін ел сақтанып жүрсе, залалсыздандыру шараларын орындаса онда жұмысқа шықсын деді. Дегені сол екен бәріміз кеңсеге қарай лап қойдық. Бетпердені күзеттен өту үшін тағып, қолғапты тексерушінің кәріне ұшырамас үшін киіп қиғылық салғандар аз емес арамызда. Арты жаман болады деп қанша ескерткенмен өмірін өлмейтін ұяшыққа салғандай кердең қаққан қараша аз болмады. Базарлар баяғыша құжынаған адамға толды, «қайтыңдар, қауіпті» дегенше болмады. Қазақстанда да Covid-19-ды жұқтырғандар саны тәулік сайын еселеп өсті. Ескерттік, естімеді, ескергендер ескермегендердің кесірінен дертке шалдықты. Қайтпек керек? Қазір қауіпті аймақтардың сапында Алматы мен Алматы облысы алғы шепте тұр. Оңтүстік шаһардың бас санитар дәрігері мешіттерге 30 адамнан артық кіргізбеу керегін, қауіпсіздік шараларын сақтау керегін айтты қайталап. Көпшілік құлақ асады деп сенеміз, өйткені өмір өзімізге керек.

Назым ҚАЙРАТ


Хабарламаларға жазылу