Елімізде өткен тәулікте 4 адам коронавирустан көз жұмды. Қайтыс болғандардың бірі — Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны.
Тағы бір адам Қарағанды облысынан. Оның қос өкпесі қабынған. Бойындағы басқа да аурулары қозған.
Ал Атырауда қайтыс болған екі адам өңірге қарасты Жылыой ауданының тұрғындары. Науқастың бірі Теңіз кен орнындағы мердігер мекемеде жұмыс істеген. Індеттің құрығына кеніште жүріп іліккен. Көз жұмған екінші тұрғын, 1951 жылғы зейнеткер. Қауіпті инфекцияны ораза кезінде ауыз ашарға барып жұқтырған. Ауруханаға жатқызылғаннан кейін, оларға ауыр жағдайдағы «екі жақты пневмония, жедел тыныс алу жетіспеушілігі» диагнозы қойылған.
Осы Атырау облысында бүгін 35 адам СOVID-19-ға шалдықты. Инфекция жұқтырған науқастардың 30-ы, Теңіз мұнай кенішіндегі мердігер мекемелердің жұмысшылары. Олар инфекция жұқтырғандармен қарым-қатынаста болған. Коронавирус құрығына іліккендер қатарында жаңа туған нәресте де бар.
Жандос ТЕМІРҒАЛИ