Алдымен экономика, содан кейін ғана саясат. Кеңестік бұғаудан босаған Қазақстан егемендіктің алғашқы жылдарынан бастап осы қағиданы басты ұстаным етіп келеді. Ел экономикасының айнасы экспорт. Шет мемлекеттермен алыс-беріс жүйеленбей, әл-ауқат жақсармайды. Қазіргі таңда еліміз индустрияландырудың екінші бес жылдығын тәмамдап қалды. Осының арқасында бұрын-соңды өндірілмеген тауарлар шығарыла бастады. Қазақстанда өндірілген деген белгісі бар заттар жоғары сапаның нышанына айналуда.
Тоқыраумен келген тоқсаныншы жылдары елдің экономикасы біраз шатқаяқтап қалған. Мәселен, 1991 жылы елдегі өндірістің әлеуеті бірден 1970 жылдағы көрсеткішке дейін төмендеп кеткен. Алпыс екі тамырдай өзектесе байланысқан, бір-біріне тәуелді алып империяның экономикасынан кейін өз алдына жеке жұмыс жүргізу оңайға соққан жоқ. Дегенмен, Президент Нұрсұлтан Назарбаев бастаған жүйелі жұмыстың арқасында Қазақстан қазіргі таңда әлемнің 110-ға жуық еліне өз тауарын экспорттап отыр.
2003 жылы елімізде индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы қабылданды. Бұл елдегі экономикалық өзгерістердің жаңа баспалдағына айналды десе болады. Ал, 2011 жылы қайта өңдеу және дайын өнім шығаруға басымдық берген алғашқы бес жылдық бастау алды. Бұл бағдарлама басталмай тұрып, экспорттағы дайын өнімдердің үлесі 10 пайыздың айналасында болатын. Ал, қазіргі таңда ол барлық тауардың төрттен бірін құрап отыр.
Сапарбай Жұбаев, экономист:
- Ең біріншісі, біздің автомобильдерді Тәжікстан, Орталық Азия елдеріне экспорттауға мүмкіндік алып отырмыз. Осының көлемі де үлкен, олардың бағасы да үлкен. Екінші Степногорда үлкен подшипник зауыты бар өте. Ресеймен бірге модернизация жасадық. Үшінші, химия өнеркәсібінің өнімдері.
Иә, қазіргі таңда Қазақстан шет елдерге 45-50 млрд. АҚШ долларының тауарын сатып жатыр. Жақын келешекте сыртқа саудаланатын дайын өнімдердің үлесін 50 пайызға дейін жеткізу межесі тұр. Үшінші бес жылдықта көзделген басты меженің бірі осындай.
Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:
- Үшінші индустрияландыру бағдарламасының алдыңғы екі бес жылдықтан ерекшеленетін болады. Біріншіден, өңдеу өнеркәсібінің барлық салаларында тиімді өңдеушілерді қолдау үшін басымдықтарды ауыстыру жүзеге асырылады. Екіншіден, өндірілетін өнімнің, оның ішінде халық тұтынатын тауарлардың жаңа номенклатурасын игеруге қолданыстағы номенклатураны кеңейтуге және күрделендіруге күш салынады.
Индустрияландыру жылдары елімізде 1250 жаңа өндіріс ошағы іске қосылды. Нәтижесінде 300 мың жұмыс орны ашылды. Бұрын-соңды елімізде өндірілмеген 500-дей тауар түрі шығарыла бастады. Бұл Қазақстанның шикізаттық тәуелділіктен арылудың жоспарлы, жүйелі бағыты.
Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.