Жұрттың балаларының қанша жалақы алатынын, оның қаншасын салыққа салатынын білдіңіздер. Иә, қарт құрлықта алатының қомақты болса салықта қалатыныңда едәуір. Бізде ше? Қазақстанда әлі күнге «жарлысы мен байы тең, жабысы мен тайы тең» деген ұстаным еді. Яки, сен 60 мың теңге айлық ал, болмаса 1-2 миллион теңге айлық ал, бәрібір. Оның 10 пайызын зейнетақы қорына, 10 пайызын жеке табыс салығына ұстайтын. Дәл осы тұста көптің көкейінде көмескі қалған бір ой тұрады. Неге миллиондап табатындар мен мыңдап табатындардың жалақысынан жырып алынатын салық бірдей деген. Халық салықты айтты, оны билік естіді. Естігенімен қоймай әрекет етуге бел буыпты. Бел буыпты дегенше идея туыпты десейші. Оны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Президенттің пәрменінен соң қарапайым елдің миына «жеке табыс салығының үдемелі өлшемін енгізу» деген термин топ ете қалды. Ол не? Егер аталған жоба жүзеге асса, жұрт жалақысына қарай салық төлейді. Жеке табыс салығы бұрынғыдай бәрінен 10 пайыздан ұсталмайды. 300 мың теңгеге дейін айлық алатындар 7 пайызын, 300 мыңнан 2 миллион теңгеге дейін жалақы алып жарып жүргендер 10 пайыз, ал одан да көп айлық алып жалғанды жалпағынан басқандар жалақысының 15 пайызын жеке табыс салығы ретінде қазынада қалдыруы мүмкін. Таң қалмаңыздар, ондай да айлық алатын адамдар бар. Ол туралы, сұхбатта экономист Уәлихан Қайсаров айтып еді: «Қазақстанда кемі 50 мың доллар жалақы алатын 20 мың адам өмір сүреді» деп. Хош, Президенттің бұл пәрменін қоғамда, қаржыгерлер де қуана қабылдады. Әлеуметтік теңсіздікті жоятын бір тетік табылды деп. Бірден басын ашып айтайық, бұл жобаны жүзеге асыру үшін жауапты министрлік мамандарды жинап жұмыс тобын құрып та үлгерді. Сонымен, жоба жүзеге асса, сіз бен біздің айлығымыздан неше теңге салыққа ұсталады?
Назым ҚАЙРАТ