Елімізде жеке кәсіпкерлердің 67 пайызы табысын жасырады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде жеке кәсіпкерлердің 67 пайызы табысын жасырады

07.03.2024

Елімізде жеке кәсіпкерлердің 67 пайызы табысын жасырады. Бұл туралы Қаржы вице-министрі бүгін Сенат қабырғасында мәлімдеді.

Ержан Біржановтың айтуынша, былтыр бір миллион 400 мың жеке кәсіпкердің 900 мыңнан астамы - нөлдік көрсеткіш көрсетіп, салық төлемеген. Десе де, банк карточкаларының айналымы бір жылда 55 триллион теңгеден асқан. Ал мобильді аударымдардың көлемі - 80 триллион теңгеден асып отыр. Сондықтан вице-министр салықтан жалтарған бұл кәсіпкерлерді заң бойынша жұмыс істеуге шақырды. Оның айтуынша, мобильді аударымдарды бақылауға алудағы мақсат - осындай көлеңкелі жолмен жұмыс істейтін бизнесмендерді анықтау. Сондықтан аударым саны әртүрлі адамнан 100-ден асып, үш ай қайталанса және 255 мың теңгеден жоғары болса, тиісті тексерулер жүрмек.

Ержан Біржанов, ҚР қаржы министрінің орынбасары:

Шағын бизнестің салығы жергілікті бюджетке түседі. Демек елдімекендердегі әлеуметтік нысандарды толықтай қамтамасыз ету үшін салықтан жалтаруға жол бермеу керек. Балалар жарық әрі жылы мектепте оқуы тиіс. Халық жақсы ем алуы керек. Егер жеке кәсіпкерлер мобильді аударым жасамай, заңды түрде тіркеліп, салық төлесе, жағдай түзелер ме еді.

Сондай-ақ вице-министр жаңа салық кодексінің жобасы осы айда таныстырылатын айтты. Қазір арнайы жұмыс тобы демалыс күндеріне қарамастан оны әзірлеп жатыр, - деді Біржанов. Оның айтуынша, кодекс биыл қабылданып, келесі жылдан бастап күшіне енуі тиіс. Айта кетерлігі, кодексте көлік салығына қатысты өзгерістер болуы мүмкін. Яғни 20-30 жыл болған ескі көліктерге бөлек, жаңа көліктерге бөлек, яғни сараланған салық жүйесін енгізу көзделіп отырғанын жеткізді. Қазір бұл бастаманы Үкімет пен Атамекен кәсіпкерлер палатасы бірлесіп талқылап жатыр, - деді вице-министр.


Хабарламаларға жазылу