Скандинав елін азат ету жолында мерт болған 66 қазақстандық сарбаздың есімі анықталды

12.05.2020

Еліміздің Норвегиядағы елшілігі Скандинав елін азат ету жолында мерт болған 66 қазақстандық сарбаздың есімін анықтады. Олар бірнеше атқыштар дивизияларының және 69-, 72-теңіз атқыштар бригадасының құрамында соғысып, Петсамо-Киркенес операциясы барысында ажал құшқан. Сондай-ақ дипломаттар Солтүстік флоттағы шайқас кезінде ерлікпен қаза тапқан 10 қазақстандық теңіз жаяу әскері, истребитель-ұшқыштың жерленген жерін тапты. Жалпы, Норвегияны фашистерден қорғау кезінде 13 мың Кеңес жауынгері мерт болған. Ослодағы зиратта батырлардың құрметіне арнайы ескерткіш қойылған. Сол ескерткішке көппен бірге Қазақстанның Норвегиядағы елшісі Еркін Ахинжанов та гүл шоқтарын қойып, батырлардың рухына тағзым етті. Елшілік ұжымы Норвегиядағы шайқаста, тұтқындар лагерінде қаза болған жерлестеріміздің есімін анықтау жұмыстарын жалғастыра бермек.

Нұрсұлу ҚАСЫМ


Хабарламаларға жазылу