Төтенше жағдай кезінде коммуналдық қызмет құны төмендеуде

21.04.2020

Төтенше жағдай кезінде коммуналдық кәсіпорындар қызмет құнын төмендетіп жатыр. Мәселен, Қарағанды мен Жамбыл өңірлерінде электр қуаты, жылу мен судың тарифі 5 пайызға, ал Маңғыстау облысында 10 пайызға дейін арзандады. Бұған қоса, әлеуметтік осал топқа жататын тұрғындарға коммуналдық шығындарын жабу үшін 2 ай бойы 15 мың теңгеден қаражат берілетін болды.

Маңғыстау облысында әлеуметтік осал топқа жататын 73 646 адамға екі ай бойы 15 мың теңге төленеді. Бұл қаржы су, жылу, газ, электр энергиясы, қоқыс шығару және лифт қызметі секілді коммуналдық шығындарды жабу үшін берілмек.

Қарағанды облысында коммуналдық тарифтер 5 пайызға арзандады. 15 мың теңге демеу қаржыны өңірде 118 мың тұрғын алады.

Батыс Қазақстанда тұрғындардың коммуналдық төлемі 1 мамырдан бастап мемлекет тарапынан өтеледі. Осыған орай қазір аймақта арнайы ақпараттық жүйе мен call-орталықтар құрылуда. Бұған қоса карантин кезінде қарызы бар тұрғындар коммуналдық қызметтен ажыратылмайды

Аягөз ОРАЛБАЙ



Хабарламаларға жазылу