Әлемде індетті жұқтырғандар саны 2 миллионнан асты

16.04.2020

Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 2 миллионнан асты. Олардың тең жартысы — еуропалықтар. 510 мыңдай науқас дертінен айыққан. Көз жұмғандар да аз емес. Жұқпалы аурудан қатты зардап шеккен елдердің көшін Америка бастап тұр. Ал Еуропа елдерінде жағдай оңалып келеді. Тіпті, кей мемлекеттерде карантин талаптары жеңілдетілген.     

АҚШ-та вирус жұқтырған 640 мыңдай адамның 30 мыңнан астамы көз жұмды. Алпауыт Америкада статистика сағат сайын өзгеріп отыр. Ақ үй басшысы болса, коронавирус толықтай бақылауға алынды дейді.

Ал Данияда карантин режимі бәсеңдеп, мектептер мен бала бақшалар қайта ашылып жатыр. Жаңа тәртіп бойынша, оқушылар ғимаратта екі метрлік ара-қашықтықты сақтап, қолдарын жиі жууы тиіс. Дегенмен, ата-аналардың көңілі күпті.

Күш алып бара жатқан кесел Францияның тағы бір әскери кемесіне жетті. «Шарль де Голь» авиатасымалдағышында 700-дей теңізші вирус жұқтырған. Қорғаныс министрінің айтуынша, тест нәтижелерінің 30 пайызы әлі белгісіз. Сондықтан науқастар саны бұдан көп болуы мүмкін.

Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу