ҚР Ішкі істер министрлігі карантин енгізілген Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына түн ортасынан бастап кіруге және шығуға барынша шектеу қойылатынын ескертті.
«22 наурызда сағат 00:00-ден бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында вирустық инфекцияның одан әрі таралуына жол бермеуге бағытталған шектеу шаралары күшіне енеді. Шектеу азық-түлік, тауарлар, дәрі-дәрмектер және бірінші кезекте қажетті заттарды жеткізетін автокөлікке, сондай-ақ жүк және транзиттік тасымалдарды жүзеге асыратын көлікке қатысты болмайды.
19 наурыздан карантин басталғанан бері бекеттердегі жағдай қалыпты. Азаматтар қабылданған шектеу шараларына түсіністікпен қарауда.
Сонымен бірге қасақана жалған ақпарат, оның ішінде арандатушылық сипаттағы ақпарат тарату фактілері кездесуде.
Мысалы, әлеуметтік желілердің бірінде пайдаланушы такси жүргізушісімен әңгімелесу бейнежазбасын орналастырған, онда такси жүргізушісі белгілі бір ақы үшін құжаттарды тексертпестен, блок бекеттер арқылы кедергісіз өткізуге уәде береді.
Мұндай фактілердің жолы қатаң кесіледі. Бұл үшін құқық қорғау күштері қажетті пәрменді шаралар қабылдауда.
Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында блок-бекеттерде патрульдік полицейлермен және әскери қызметшілермен қатар өзіндік қауіпсіздік қызметкерлері де жұмыс істейді. Олар заңдылықтың сақталуын және сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу үшін бақылауды қамтамасыз етеді.
Арандатушылық бейнежазбасын тарату фактісі бойынша тиісті тексеру жүргізілуде. Осыған байланысты ІІМ жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік бары туралы ескертеді және азаматтардан жалған сөзге сенбеуді, ал Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан шығу және кіруге байланысты барлық құқықбұзушылықтар туралы полицияға хабарлауды сұрайды (телефондары: Нұр-Сұлтан қаласында – 71-60-20, Алматы қаласында – 254-40-07, ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаментінің сенім телефоны – 1402)», делінген хабарламада.