Нұр-Сұлтаннан шығатын қалааралық автобустардың қозғалысына тыйым салынды. Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов айтты.
«Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында карантин енгізуді ұсындық. Бүгін Премьер-Министрдің төрағалығымен мемлекеттік комиссияның отырысы өтті. Комиссия отырысының қорытындысына сәйкес, 2020 жылдың 19 наурызында сағат 00.00-ден бастап елорда аумағыда карантин енгізу туралы шешім қабылданды. Бұл дегеніміз - шектеу мен бақылау шаралары қауіпсіздік мақсатында күшейтіледі. Мысалы, автовокзалдарда қалааралық автобустардың қозғалысына тыйым салынды», - деді Алтай Көлгінов.
Оның айтуынша, елорда аумағына кіріп-шығатын жерлерде шектеу қойылады. Көліктің барлық түрлері кіріп-шығатын жерлерде коронавирус инфекциясын жұқтырды деп күдік келтірілген немесе жұқтырған адамдарды анықтауға арналған қосымша бекеттер орнатылады.