Өңірлерде қоғамдық тәртіп күшейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өңірлерде қоғамдық тәртіп күшейді

16.03.2020

Қазір аймақтарда арнайы штабтар құрылып, індетке қарсы жұмыстарды үйлестіруге кірісті. Түркістанда қоғамдық тәртіп пен тазалық күшейді. Азық-түлік сататын дүкендер мен базарлар таңғы 10:00-ден кешкі 18:00-ге дейін ғана жұмыс істейді. Жолаушыларды тасымалдайтын компаниялар автобустарын әр рейс сайын жуып-тазалауға міндеттелді. Шаһарда небәрі 270 қоғамдық көлік бар. Қала-аралық 7 бекетте дабыл посттары орнатылады. Тойхана, мейрамхана иелеріне ерекше ескерту! Бүгіннен бастап штаб мүшелері рейдке шығады. Төтенше жағдай кезінде жасырын той-думан жасайтындарға жаза қатаң.

 Ал Таразда құрылған мобильді топ көпшілік баратын орындарды бақылауға алған. Арнайы өткізілген рейдтік іс-шарада бес жүзге жуық нысан тексерілді. Оның ішінде жүзден астам білім беру мекемелері, денсаулық сақтау нысандары мен мәдениет ошақтары бар.

Қызылордада жұмыс істей бастаған жедел әрекет ету штабы да күнделікті әлеуметтік нысандарға бақылау жүргізіп, тиісті талаптардың сақталуын ұдайы қадағаламақ. Егер қандай да эпидемиологиялық талаптар сақталмаса, заң аясында жауапқа тартылады.


Хабарламаларға жазылу